“Құрылыс қарқынына көңілім толды”: ҚР Денсаулық сақтау министрі СҚО-да медициналық нысандарды салу жайлы пікір білдірді
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді. Министрлер кабинетінің өкілі халықпен кездесу өткізіп, қабылданған кейбір заңнамалық актілер туралы айтты, бұқараның базынасына құлақ асты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бүгінде елімізде ауылдық денсаулық сақтауды дамыту бойынша үлкен ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жасалады. Бұрын-соңды болмаған жоба. 2 жылда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Оның 99-ы өткен жылы салынған, 556-сы биыл салынуы керек. Бүгінде СҚО-да 38 нысан салынуда. Құрылыстың қарқынына көңілім толды. Өңірлерде конкурстық рәсімдерді өткізу бойынша мәселелер бар және т. б. кездесіп жатады. СҚО-да барлық конкурстық рәсімдер аяқталды. Жоспардағы 38 нысан 60% дайын. Бұл бәрімізді қуантады”, – деді ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі Қызылжар ауданында жаңа емхана салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын да айтты. Нысан бір ауысымда 250 келушіге арналған.