Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Серік Мұхамедиев: “Біз бірлескен күш-жігердің арқасында Петропавлды одан да әдемі және өмір сүруге ыңғайлы етеміз деп сенемін”

Серік Мұхамедиев: “Біз бірлескен күш-жігердің арқасында Петропавлды одан да әдемі және өмір сүруге ыңғайлы етеміз деп сенемін”

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығының тұрғындарын Қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Қала басшысы құттықтауын әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялады.
Атқамінер атап өткендей, Петропавл – бұл жай ғана облыс орталығы емес, ол атақты ақындардың, қоғам белсенділерінің, көрнекті тұлғалардың, әлемдік деңгейдегі спортшылардың Отаны.

“Бір кездері құрылған әскери бекініс бүгінде Солтүстік Қазақстанның жүрегі болып табылады. Петропавл тарихына үңілсек, қала көп нәрсені өткерді. Бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалды. Бұл – біздің қаламыздың басты байлығы болып табылатын және Петропавлды ерекше орынға айналдыратын шынайы, адал адамдар”, – деп жазды Серік Мұхамедиев.

Ағымдағы жыл қала тарихындағы ең қиын жылдардың бірі болды. Қала басшысы атап өткендей, бұл қиын-қыстау уақытта облыстың қарапайым тұрғындары мен еріктілері қарап қалмай, көмекке келді.

“Барлығы қаламызды топан судан қорғау үшін иық тіреп, қарсы тұрды! Қала әкімі ретінде мен сіздердің үлкен қолдауларыңызды сезіндім. Осы қиын уақытта көмек көрсеткендердің барлығына шын жүректен алғыс айтамын! Су тасқынынан туындаған қиындықтарға қарамастан, біздің өміріміз жалғасуда. Алда әлі көп жұмыс күтіп тұр. Бүгінде біз қаламыздың қалпына келіп, өз тарихында жаңа парақты бастағанын көреміз. Алда инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік саланы дамытуға және мәдени мұраны қолдауға бағытталған жаңа жобалар мен бастамалар бастау алады”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Петропавл қаласының әкімі Қала күні бірліктің, күш пен алға ұмтылудың символы екенін атап өтті.

“Біз бірлескен күш-жігердің арқасында Петропавлды одан да әдемі және өмір сүруге ыңғайлы етеміз деп сенемін. Осы мереке күні Петропавлдың барлық тұрғындарына денсаулық, бақыт және амандық тілеймін. Сіздердің үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік пен жайлылық, ал жүректеріңізде махаббат пен мейірімділік болсын. Туған күніңмен, Петропавл!”,- деп құттықтады Серік Мұхамедиев.

Shares