Серік Мұхамедиев: “Солнечный-2”-де құрылысшылар бірнеше ауысымда еңбек етті
Осыдан тура 40 күн бұрын “Солнечный-2” шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 100 жаңа үйдің құрылысы басталды. Қазір тұрғын үйлердің бірінші партиясы өз иелерін қабылдауға дайын. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қала әкімі Серік Мұхамедиев жазды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Осы уақыт ішінде сіздер құрылыстың куәсі болдыңыздар, мен жақсы білемін, көптеген адам учаскелердегі жұмыстардың барысын бақылап отырды. Міндетті жылдам орындау үшін құрылысшылар бірнеше ауысымда жұмыс істеді, сапаны күн сайын техбақылау қадағалады. Бұл тек бастамасы, алда әлі көп жұмыс бар”, – деп жазды қала басшысы.
Үйлердің құрылысы жалғасуда, балабақша да салынып жатыр, инфрақұрылым жолға қойылуда. Қазірдің өзінде зардап шеккен 300 адам “Солнечныйға” көшуге ниет білдірді.
“Ниет танытқан жанның саны күн сайын артып келеді. Менің ойымша, бұл апатқа тап болған адамдардың өміріндегі жаңа парақ болады. Тұрғындарға төзімділік пен танытқан сенім үшін алғыс айтамын”, – деді Серік Мұхамедиев.