Соғыстың жаңғырығы жүректе: Петропавл эвакогоспитальдарда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды
Петропавл қаласында госпитальдарда көз жұмған Отан соғысы қатысушыларына арналған ескерткіш жанында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды – бұл мерейтойды бүкіл Қазақстан ерекше мақтанышпен, зор құрметпен қарсы алуда, деп хабарлайды QZ News.
Петропавл қаласының ескі зираты аумағында Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге арналған 4 ескерткіш орналасқан. Салтанатты рәсімге еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, интернационалист-жауынгерлер, «AMANAT» партиясының белсенділері, жастар мен студенттер қатысты. Іс-шараны «AMANAT» партиясының СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов ашты.
– Қазақстан Жеңіске майданда да, тылда да орасан үлес қосты. Ерлікке толы ұрпақтар тарихы – түрлі жастағы және түрлі маман иелерін біріктіретін ортақ құндылық. Республика халқының әр бесінші тұрғыны – 1 миллион 200 мың адам майданға аттанды. Олардың жартысы оралмады. Бірақ біз әрбірін есте сақтаймыз, – деді ол.
Жеңіс Асановтың айтуынша, бірнеше апта бойы партия мүшелері мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ескі зираттағы мемориалдарды тазалап, ретке келтірген.
Салтанатты жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлишев сөз сөйлеп, ардагерлерге және іс-шараға қатысушыларға алғыс айтып, ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық тәрбиенің маңызын атап өтті.
– Бізге бейбіт өмір сыйлаған ерлерді ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақстан сенімді тыл болды. Бұл жерде де Жеңіс үшін еңбек етілді. Бүгінгі міндетіміз – сол соғыс туралы шындықты сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу. Ұлы Жеңістің лайықты мұрагеріміз – деді ол.
Еңбек ардагері Мұхамедияр Шаяхиннің сөздері миллиондаған отбасының жүрегінде соғыстың жазылмас ізі қалғанын еске салды.
– Әкемнің майданнан оралған әңгімелері есімде. Ол әрдайым: «Ең бастысы – есте сақтау» дейтін. Біз есте сақтаған сайын, олар біздің жүрегімізде тірі. Есте сақтаңдар – сендер батырлардың мұрагерісіңдер, – деп жастарға үн қатты ол.
Бір минут үнсіздіктен кейін қатысушылар ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.