Солтүстік Қазақстан облысының әкімі тыл ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарды табыстады
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен тыл ардагерлерімен кездесу өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, оларға соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегі мен Жеңіске қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальдар табысталды, деп хабарлайды QZ News.
Тыл еңбеккерлерінің еңбегі — бұл майдандағы ерлікпен тең. Соғыста жауынгерлер шайқасып жатқанда, балалар, жасөспірімдер, әйелдер мен қариялар егіс даласында, колхозда, зауыттар мен теміржолда аянбай еңбек етті. Олар күндіз-түні маңдай терімен, табандылығымен Жеңісті жақындатты, әскерді азық-түлікпен және қажетті ресурстармен қамтамасыз етті.
«Сіздердің табандылықтарыңызға, рух мықтылығыңызға және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктеріңізге бас иеміз. Сіздердің арқаларыңызда біз бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз. Сіздерге мың тағзым және шексіз алғыс » – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында ардагерлер сол бір қиын-қыстау жылдар туралы естеліктерімен бөлісті.