Солтүстік Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында журналистерге Солтүстік Қазақстан облысының алдағы жылыту маусымына дайындығы жайлы айтылды. 494 қазандық дайындықтан өтуде. Жылуға 1100-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысан мен 1400 көпқабатты тұрғын үйді қосу қажет, оның 1135-і Петропавлда орналасқан, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жылыту маусымына дайындық аудандарда қызу жүріп жатыр. Аудандарда 265 тұрғын үй мен 92 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ететін 24 орталық қазандық бар. Ағымдағы жылы қазандықтарды дайындауға 763 миллион теңге бөлінсе, бүгінгі таңда 610 миллионға жуық қаржы игерілді. Айыртау, Мамлют, Ғ.Мүсірепов және Тимирязев аудандарында жұмыстар жалғасуда. Қалада 1164 көппәтерлі үй бар, оның 1135-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бүгінде 1128-і жылуды қабылдауға техникалық тұрғыда дайын, бұл 99 пайызды құрайды. Сондай-ақ, 185 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
«Қаладағы 5 мектеп автономды жылытуға қосылған, оның ішінде 4-еуі – электрмен, 1-еуі – қатты отынмен. Петропавл қаласында денсаулық сақтау саласына тиесілі 22 нысан бар. Оның барлығында да жуып-шаю жұмыстары жасалған, дайындық қағаздары алынған. Мұндай жұмыстар 25 әлеуметтік-мәдени нысанда да ұйымдастырылды. 15 спорт нысанында жүйелер жуылып, қысым тексерілді», – деп толықтырды Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а Владислав Лукин
Қаланы жылумен қамтамасыз етудің негізгі көзі – 2-ЖЭО. Қазір онда 2 қазандық және бір турбоагрегат бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6 қазандық пен 5 турбинада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алдағы жылыту маусымында ешқандай қиындық туындамайды.