Солтүстікқазақстандық 24 кәсіпкер өз өнімдерін “Бір ауыл – бір өнім” жобасының көрмесінде ұсынды
Петропавлдағы “DOSTYQ mall” СОО-да “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысушылардың жәрмеңке-көрмесі өтуде. Іс-шараны өңірдің Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Биыл конкурсқа өз өнімдерін Солтүстік Қазақстан облысының 24 тауар өндірушісі ұсынды. “Бір ауыл – бір өнім” жобасы жергілікті шикізаттан өнім әзірлеуге және танытуға бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнімнің жергілікті өндірісін дамыту тұжырымдамасына негізделген. Өз өнімдерін жұмыс істеп жатқан және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер ұсынады”, – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Самаратова.
Көрмеге қатысушылар сүт, ет, бал, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерін ұсынды.
“Қараша айында наубайхана ашамын, тоқаштар, нан, бәліштерді және басқа да кондитерлік өнімдерді пісіріп, сатпақпын. Клиенттерді асыға күтемін”, – деді Аққайың ауданы Смирново ауылының наубайхана директоры Алтынай Шалкенова.
Жәрмеңкеге ұлттық стильдегі киім-кешек пен тоқыма бұйымдары, ағаштан жасалған туындылар, кәдесый өнімдері де қойылды.
“Мен өмір бойы жүргізуші болып жұмыс істедім, күндердің күнінде менің хоббиім бизнеске айналды. Мен тапсырыс бойынша ағаштан жиһаз жасаймын, кез-келген қиындықтағы тапсырысты қабылдаймын. Фанерден бұйымдар істеймін, ағаштың әртүрлі түрлерін қолданамын. Instagram желісі арқылы өнімдерді сатамын, туыстарым мені өте қолдайды, өнімдерді лакпен бояуға көмектеседі. Мен ЖК-ны қызымның атымен атадым. Жұмысшыларды жалдап, цехта түрлі бұйымдар жасау үшін кеңейгім келеді”, – деді “Аружан” ЖК иесі Орал Алпысбаев.
Көрменің қорытындысы бойынша жобаның екінші кезеңіне өтетін он қатысушы іріктеледі. Бұдан әрі арнайы комитет іске кіріседі. Олардың көмегімен өңірлік турдың үш жеңімпазы таңдалады, олар өз өнімдерін “Бір ауыл – бір өнім” республикалық көрмесінде ұсынуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жоба жеңімпаздарында 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантты ұтып алу мүмкіндігі бар.