Солтүстікқазақстандық құтқарушы Бауыржан Жаулетбаев III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезеңіндегі көрсеткен ерлігі үшін Бауыржан Жаулетбаев Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Азаматтық қорғау аға сержанты Бауыржан Жаулетбаев азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет етуде. Бірнеше рет ірі және күрделі өрттерді сөндіруге, сондай-ақ су тасқынына қатысты іс-шараларға қатысқан.
“2024 жылдың 28 наурызы мен 2024 жылдың 15 сәуірі аралығында Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда СҚО ТЖД тобының құрамында тұрғын үйлердің аула аумақтарынан еріген суды сорып алу бойынша жұмыстарды атқарды, Шал ақын ауданында, Есіл, Қызылжар аудандарында бөгеттерді қапшықтармен нығайту бойынша жұмыстарға қатысты. Петропавл қаласының Ойқала шағын ауданында тек адамдарды ғана емес, үй жануарларын да су басқан үйлерден эвакуациялау бойынша іс-шараларға қатысты”,- делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
2024 жылғы 13 сәуірде Петропавл қаласының Ойқала шағын ауданында төтенше жағдайда абыржымай, ерекше ерлік пен батылдық танытып, қарт әйелді, содан кейін су басқан үйлерден өз бетінше шыға алмайтын ер адамды шығарып, оларды қауіпсіз жерге эвакуациялады.