Солтүстікқазақстандықтарға электрондық жүйе арқылы 7,5 мыңнан астам кадастрлық паспорт берілді
«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі арқылы 2,5 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Ең жиі алынатын анықтама – жылжымайтын мүліктің болуы және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама болып табылады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“ЖМБМК АЖ 2023 жылдың 1 шілдесінде енгізілген болатын. Бұл жүйеге жер және құқықтық кадастрлардың деректері біріктірілді. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйенің көмегімен жылжымайтын мүлік саласында 8 мемлекеттік қызмет және жер кадастры желісі бойынша 4 қызмет көрсетіледі. Мұнда, мәселен, құқық белгілейтін құжаттар мен техникалық паспорттардың телнұсқаларын алуға, жер учаскесінің кадастрлық паспортына тапсырыс беруге және алуға, учаскені бағалауға болады. ЖМБМК маңызды ерекшелігі құжаттарды оңтайландыру болды. Нәтижесінде, жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт және жер учаскесіне акт бір құжатқа – кадастрлық паспортқа біріктірілді”, – делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ хабарламасында.
Бүгінде «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» арқылы Солтүстік Қазақстан облысында 7,5 мыңнан астам кадастрлық паспорт берілді. Жерге байланысты қызметтер бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекке тұру қызметі сұранысқа ие.