СҚО-да 100-ден астам сотталған азамат жұмысшы мамандығы бойынша диплом алды
Солтүстік Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіби оқу курстарының түлектері дипломдарын алды: 100-ден астам сотталған азамат жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып, сәтті аяқтады, деп хабарлайды QZ News.
№48 мекемесінде «слесарь-сантехник» мамандығы бойынша оқытуды Петропавл кәсіптік колледжі жүргізді. Ал №51 мекемеде Айыртау агротехникалық колледжі бірден үш бағыт бойынша даярлық ұйымдастырды: «слесарь-сантехник», «электргазбен дәнекерлеуші» және «тігінші».
Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын қорытынды емтихандармен аяқталды. Сотталғандар технологиялық үдерістер мен стандарттар бойынша білімдерін, сондай-ақ өндірістік ортаға барынша жақын жағдайларда практикалық дағдыларын көрсетті. Олар сантехникалық тораптарды құрастыру, дәнекерлеу, тігін бұйымдарын дайындау және заманауи жабдықтармен жұмыс істеу тапсырмаларын орындады. Емтихан барысында еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау ерекше назарға алынды.
Емтихан нәтижелері бойынша барлық қатысушы өздерінің кәсіби деңгейін, жауапкершілігін және еңбекке дайындығын дәлелдеді.