СҚО-да алаяқтар өздерін “Севказэнергосбыт” ЖШС қызметкерлері ретінде таныстыруда
“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ өз тұтынушыларына алаяқтық жағдайлары туралы ескертеді. Қулар өздерін “Севказэнергосбыт” ЖШС қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, есептегіштерді тегін ауыстыруды ұсынады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Тұтынушылардан жеке деректерді ұсыну сұралады: SMS-хабарламалар арқылы келген кодтар, банк карталарының нөмірлері,
жеке кабинеттердің кілт сөздері. Электр энергиясын есепке алу аспаптарын тегін ауыстыру жөніндегі бағдарламалар, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Есептеу құралдары тұтынушылардың балансында, сондықтан “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның оларға ешқандай қатысы жоқ. Сақ болыңыз, тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіздер”, – деп жазды “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ өкілдері Instagram парақшасында.
Монополист тұтынушылардың назарын мына жайтқа аударады. Электр энергиясын есепке алу аспаптарын ауыстыру қажеттілігі туралы ресми хабарламаларды “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ өкілдері әрқашан жазбаша түрде қабылдайды. Қызметкерлер қашықтықтан ақша төлеуді немесе телефон арқылы дербес деректерді беруді талап етпейді.