СҚО-да алимент төлеушілер букмекерлік кеңселерде 500 млн теңгеден астам сомаға құмар ойын ойнаған
Облыс прокурорлары балалары мен мемлекет алдында қомақты қарызы бар арам ниетті борышкерлердің букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға ірі көлемде ақша жұмсағаны туралы көптеген фактілерді анықтады. Операциялардың жалпы айналымы 500 млн теңгеден асады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Мәселен, 4,7 миллион теңге алимент бойынша берешегі бар борышкер жарты жыл ішінде «1xBet» букмекерлік кеңсесіндегі есепшотын 49,2 млн теңге толтырған және 20,7 млн ұтыс ретінде шығарған. Осыған ұқсас жағдайда, тағы бір борышкерден атқарушылық іс жүргізу бойынша мемлекет кірісіне 1,3 млн теңге өндіріп алу қажет болса, ол «Olimpbet» букмекерлік кеңсесінде төрт жыл ішінде 147 млн теңгеден астам соманы ұтылған. Осыған ұқсас фактілер жалпы сомасы 63 млн теңгені құрайтын қарыздарды өндіріп алу бойынша 74 атқарушылық іс жүргізу материалдарында анықталды”,- деп хабарлады СҚО прокуратурасы.
Бұл ретте интернет-қосымшалар арқылы такси қызметінде жұмыс істеп, табыс тапқан борышкерлер атқарушылық құжаттардың талаптарын орындаудан жалтаруда жалғастыруда. Мәселен, биыл борышкер «InDrive» такси қызметіндегі қызметінен 960 мың теңге көлемінде кіріс алған. Бұл ретте ол мемлекетке 555 мың теңге көлемінде қарызды өтеу үшін бірде-бір теңге төлемеген. 2 миллион теңгеден астам табыс алған тағы 8 борышкерге қатысты осындай фактілер анықталды.
Жалпы, жыл басынан бері 82 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 71-і қамауға алынып, 11-не айыппұл салынды, 12 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.