Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да Ақмарал Әлназарова адам папиллома вирусына қарсы вакцина жайлы пікір білдірді

СҚО-да Ақмарал Әлназарова адам папиллома вирусына қарсы вакцина жайлы пікір білдірді

Қазақстанда 11 жастағы қыздар адам папиллома вирусына қарсы вакцина ала бастайды. Науқан қыркүйектің 1 күні басталады. Ол жатыр мойны обыры сияқты қорқынышты аурудың алдын алады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БАҚ өкілдерімен тілдесу барысында осы мәселеге тоқталды. Ол ата-аналар тарапы жаңашылдыққа қарсылық танытатынына қапалы, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Жыл сайын біз 600-ге жуық әйелді адам папилломасы вирусына негізделген қатерлі ісік ауруынан жоғалтамыз. Қазақстанда халықаралық деңгейде мойындалған АПВ қарсы вакцина салынады. Дамыған елдерде қыздарға ғана емес, ұлдарға да АПВ қарсы екпе жасалады. Бұл елдерде вакцинация ерте жастан басталады. Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жас көрсеткішін өзгерту мәселесін қарастыруда, бірақ әзірге АПВ қарсы вакцинаны 11 жастағы қыздарға қою туралы шешім қабылданды. Вакцинаны сатып алуға тиісті қаражат бөлінді. Төрт валентті вакцина АҚШ-тан сатып алынады. Жасыратыны жоқ, министрлік ата-аналардың бас тартуынан қорқады. Түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Біз балалардың ата-аналарына балаларды вакцинациялауға қатысты саналы шешім қабылдау үшін дұрыс ақпарат жеткізу керекпіз», – деді Денсаулық сақтау министрі.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, мектеп оқушылары АПВ қарсы екпенің пайдасы туралы білуі үшін балалар аудиториясын да қамту аса маңызды.

«Менің тапсырмам бойынша ДДҰ-ның ҚР өкілдігімен бірлесіп, балаларға екпенің не үшін қажет екенін түсіндіретін мультфильмдер сериясы дайындалды. Мен бұл вакцинацияның міндетті емес екенін ескертемін. Ата-аналардың тиісті рұқсатынсыз екпе салмаймыз», – деді Ақмарал Әлназарова.

Shares