СҚО-да ауа райы оң қабақ танытады
“Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалы мамандары алдағы үш күнге болжап жасап, көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
12 тамыз күні Петропавлда ауа температурасы +19+21 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз көшпелі бұлт болады, жауын-шашын тіркелмейді. Сейсенбі күні облыс орталығында жаңбыр жауады. Сынап бағанасы +22+24 градусты көрсетеді. 14 тамызда тағы да жаңбыр жауады, Петропавлда температура +20+22 градусқа дейін көтеріледі.
Жұмыс аптасының бірінші күні өңірдің оңтүстігінде, батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сынап бағанасы +18+23 градусты көрсетеді. 13 тамыз күні СҚО аумағында жаңбыр, найзағай, аймақтың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл күтіледі. Температура +19+24 градусты көрсетеді, ал облыстың оңтүстік-шығысында +27 дейін көтеріледі. Сәрсенбі күні түнде облыстың солтүстігінде жаңбыр, найзағай, шығысында қатты жаңбыр, батысында, солтүстігінде бұршақ, дауыл болады. Синоптиктердің болжамы бойынша, сәрсенбіде өңірде мынандай сандар тіркеледі: +17+22, облыстың оңтүстік-шығысында +25.