Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да аудандық әкімдіктер үшін жолдарды диагностикалау және жөндеу бойынша оқу курстары өтуде

СҚО-да аудандық әкімдіктер үшін жолдарды диагностикалау және жөндеу бойынша оқу курстары өтуде

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы сегіз аудандық әкімдік өкілдері үшін оқу курсын ұйымдастырды. Ақпан айының басынан бері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері оқудан өтті, деп хабарлайды QZ News.

Курстың басты мақсаты – жол төсеміндегі ақауларды анықтау және жою, салалық сараптама жүргізу және автомобиль жолдарын диагностикалау үшін әзірленген KazRoadLab бағдарламалық жасақтамасын меңгеру.

Филиал қызметкерлерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында зертханалық сынақтарды цифрландыру белсенді түрде енгізілуде. Атап айтқанда, жол-құрылыс материалдарының (ЖҚМ) сынамаларын QR-кодтау әдісі оларды нысан мен мердігерге байланыссыз зертханаға жіберуге мүмкіндік береді, бұл процесті тәуелсіз және ашық етеді. Бұл әдіс «Олимп» сияқты медициналық зертханалардың жұмыс жүйесіне ұқсас.

Кәсіпорында ЖҚМ сынақтарын автоматтандыру жүйесі енгізілген, ол зертханашылардың деректерді қолмен енгізуін болдырмайды. Сынақ нәтижелері KazRoadLab бірыңғай базасына автоматты түрде жіберіліп, адами фактордың ықпалын айтарлықтай төмендетіп, деректердің дәлдігін арттырады. Сонымен қатар, салалық сараптама порталы жұмысты жеңілдетіп, жол жобаларындағы техникалық кемшіліктер мен тәуекелдерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Деректерді жинау сарапшылар тарапынан тікелей жергілікті жерде жүзеге асырылады, актілер онлайн режимде толтырылады, ал нәтижелер фотоесептер арқылы бекітіліп, орталық порталға жүктеледі.

Жақын арада осындай оқу курстары Солтүстік Қазақстан облысының тағы бес ауданында өткізілмек.

Shares