СҚО-да бір жарым жылдық шөп қорын жинау жоспарлануда
Облыста қыс мезгіліне жем-шөп жинау және жеткізу жұмыстары жүргізілуде. СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда 979 мың тонна шөп шабылды немесе жоспар 104,3% орындалды, 346 мың тонна пішендеме дайындалды немесе жоспар 148% орындалды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Үй шаруашылықтарындағы мал үшін 352 мың тонна шөп немесе қажеттіліктің 83% дайындалды. Мал ұстайтын 47 мың үйдің 39 мыңы немесе 83% шөппен қамтамасыз етілген. Ауа райы жағдайларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі бір жарым жылдық шөп қорын – 1400 мың тоннаны қамтамасыз ету міндетін қойды”, – деді СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Кездесуде басқарма басшысы ағымдағы жылдың ауа райы жағдайлары жем-шөп дақылдарының өнімділігіне жағымды әсер еткенін, сондықтан табиғи шабындықтарда көрсеткіш 12-15 ц/га құрайтынын, бұл қормен шөп дайындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. СҚО-да бір тонна шөптің орташа бағасы 12-14 мың теңгені құрайды.