Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да “Бірлік” шағын ауданындағы су жаңа үйлердің кезекті партиясы тапсырылды

СҚО-да “Бірлік” шағын ауданындағы су жаңа үйлердің кезекті партиясы тапсырылды

Күннен-күнге дамып келе жатқан “Бірлік” шағын ауданында 1700 адам тартылған үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, петропавлдықтар жаңа тұрғын үйлердің кілтін алуды жалғастыруда. 31 тамыз күні қоныс иелерін Мемлекет басшысының атынан Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев құттықтап, әлі сыры кеппеген үйлердің кілттерін табыс етті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“450-ден астам үй тапсырылды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысын уақтылы аяқтау үшін 100-ден астам машина мен арнайы техника жұмыс істеуде. Қалған үйлерді қыркүйектің бірінші онкүндігінде тапсыруды жоспарлап отырмыз”, – деді СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайрола Галеев.

“Бірлік” шағын ауданында барлығы 3 мыңға жуық адам тұрады. “Шағын қалашықта” балабақша құрылысы жүргізілуде, “Жайлы мектеп” жобасы аясында мектеп те салынуда.

“Мен үйдің жобасын көргенде, бірден осында тұрамын деп шештім. Баспананың аумағы мен бөлмелердің орналасуы ұнады. Су тасқынына дейін Ойқала шағын ауданында тұрдым. Көмек үшін мемлекетке өте ризамыз, бізді көшеде қалдырмады, жаңа, жайлы баспана берді”, – деп атап өтті “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны Дмитрий Шмаков.

Бүгін жерлесіміз Алина Радыгинаның да отбасында қуанышты жайт. Олар жаңа үйге қоныстанды.

“Мен өте қуаныштымын, қазірдің өзінде бәрін қалай безендіретінімді елестетіп отырмын, қосымша жиһаз қоямын. Үйде тұрмыстық техника, ас үй үстелі, төсек бар, кіріп, өмір сүре беруге болады. Менің жұбайым мен екі балам да қуанышты. Президент пен әкімдікке көмек үшін алғысымыз шексіз”, – деді “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны Алина Радыгина.

Көпшілік білетіндей, отандық қор мен елдің жетекші компаниялары “Бірлік” шағын ауданында үйлер салу үшін демеушілік қаражат бөлді.

“Біз 300 үй салып жатырмыз. 105 үй тапсырылды, тағы 50 үйдің құрылысы аяқталып қалды. Біздің компания индустриялық үй салумен айналысады. Үйлер жасыл технологиямен шығарылады, өте жылы, дайын келеді, қаптамасы бар, ішіне барлық кабельдер, сымдар енгізіледі. Құрылыс жылдамдығы өте жоғары, күніне 7-8 үй тұрғызамыз. Қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, адамдар баспана күтіп тұрғанын түсінеміз. Барлық үйлерімізге кепілдік береміз және сүйемелдеуге уәде етеміз, яғни тұрғындармен байланыста боламыз, әрқашан өтініштерді қабылдауға, сұрақтарға жауап беруге дайынбыз. Келіп түскен барлық мәселелерді жедел шешуге тырысамыз”, – деді “Шар-Құрылыс” компаниялар тобының акционері Жанна Бектемірова.

Жаңа қоныстанушыларға арналған тұрмыстық техника мен жиһазды “ЗИКСТО” зауыты сатып алды.

Shares