СҚО-да депутат 800 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды
2 маусым күні Петропавл қалалық соты мемлекеттік бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаражатты жымқыру ісі бойынша үкім шығарды. Іс фигуранттарының қатарында – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Павел Булаев пен оның орынбасары бар, деп хабарлайды QZ News.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, 2020-2022 жылдар аралығында аталған лауазымды тұлғалар өздеріне қарасты кәсіпорындармен жалған келісімшарттар жасаған. Нөсер желілерін қайта жаңғырту, сорғы станцияларына жөндеу жүргізу және арнайы техниканы жалға алу сылтауымен бюджеттен 258 миллион теңге жымқырылған. Барлық эпизодтарды есепке алғанда мемлекетке келтірілген жалпы шығын – 805 миллион теңгеден асады. Сот Павел Булаевты кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны, қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты иемденіп, заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды.
«Булаев Павел Викторовичті кінәлі деп танып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, мүлкін тәркілеу және жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасын белгілеу», – деп судья Азамат Әшімов үкімді оқыды.
Булаевтан бөлек, іс бойынша тағы үш адам жауапқа тартылды. Оларға аса ірі көлемде бөтен мүлікті иемдену айыбы тағылды.
«Маршалов Денисті ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Бұған дейінгі үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертіп, сот залында қамауға алу». Шақшақбаев Лев Маратовичті де дәл осы бап бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау», – деп жалғастырды судья.
Сот процесі кезінде тек Павел Булаев қамауда болған, ал қалған сотталушылар үйқамақта және қолхатпен жүрген.
Сондай-ақ, сот Петропавл қаласы әкімінің аппаратының азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталғандардан 805 651 700 теңге сомасында материалдық залалды бірлескен тәртіппен өндіруді бұйырды. Сот шешімімен қылмыстық жолмен алынған және Булаевтың бұрынғы жұбайы мен оның туыстарының атына рәсімделген мүлік тәркіленетін болды. Олардың ішінде: 6 пәтер, дүкен, гараж, жер телімдері, шеберхана, сондай-ақ Toyota Land Cruiser, BMW X6, Porsche Macan маркалы автокөліктер мен экскаваторлар, жүк көліктері, тиегіштер сияқты арнайы техника бар.