СҚО-да есірткі сатқан екі кәсіпкер әйел 10 жылға бас бостандығынан айырылды
2024 жылдың қаңтарында СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлға есірткі жеткізудің ірі арнасының алдын алып, 37 және 33 жастағы екі кәсіпкерді ұстады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жеке тінту кезінде және әйелдердің тұрғылықты жері бойынша 158 гр-нан астам α-PvP табылды. Сондай-ақ, электронды таразы, орау материалы және басқа да орау құралдары тәркіленді.
“Сонымен қатар, ұсталғанға дейін 37 жастағы әйел Алматы қаласына барып, онда 0,5 кг-нан астам α-PvP қабылдап, осы партияны Петропавлға жеткізуді ұйымдастырған. Осылайша, екі кәсіпкер әйелден барлығы 700 гр есірткі тәркіленді. Бұл есірткі – СҚО полицейлері ағымдағы жылы тәркілеген “синтетиканың” ең ірі партияларының бірі”,- делінген СҚО ПД хабарламасында.
Полицейлер екі әйелдің де есірткіні заңсыз қолданудың салдары туралы өте жақсы білетіндігін атап өтті: 33 жастағы әйелдің жұбайы “синтетиканы” сатқаны үшін жазасын өтеп жатыр. Қазіргі уақытта Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны 11 жылға, оның сыбайласы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.