СҚО-да кәсіпкерге 36,4 млн теңге айыппұл заңсыз салынған
Уәлиханов ауданының кәсіпкерлік субъектісіне аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қаулысымен арнайы есепке қоймай айналымдарды жүзеге асырғаны үшін Кодекстің 275-бабы 5-бөлігі бойынша 36,4 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
СҚО прокуратурасы аталған қаулыға аудандық сотқа наразылық келтірді, өйткені басқарма қабылдаған шешім Кодекс талаптарын елеулі бұза отырып шығарылған.
“Уәлиханов аудандық сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен прокуратураның наразылығы қанағаттандырылды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, айыппұл салу туралы шешімнің күші жойылды. Сот актісі заңды күшіне енді. Нәтижесінде қабылданған қадағалау шаралары жергілікті кәсіпкердің құқықтарын қорғауға қол жеткізді”,- делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.
Қадағалау органы бизнес субъектілеріне олардың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда олар облыс прокуратурасының қызметкерімен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ (байланыс телефоны +7-771-362-08-99) арқылы тікелей байланыса алатынын еске салады.