СҚО-да полицей бейнебақылау жүйесінің көмегімен ер адамды суицидтен аман алып қалды
Солтүстік Қазақстан облысында полицей бейнебақылау жүйесіндегі кадрлардан арқан ұстаған ер адамды байқап, қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды QZ News.
М. Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші көмекшісі, полиция старшинасы Азамат Кенжеболатовтың қырағылығы мен жедел әрекеті бір адамның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды. Сағат 16:00 шамасында тәуліктік кезекшілікте болған ол, «Қауіпсіз қала» бейнебақылау жүйесі арқылы Булаево аудан орталығының шетінде орналасқан қайың тоғайында босқа сенделіп жүрген ер адамды байқайды. Кадрларда оның қолында арқан болғаны анық көрінді.
Ахуал жедел әрекет етуді талап етті. Полицей бірден осы аумаққа жауапты учаскелік инспекторға хабарласып, жағдайды жеткізді. Жеделдікті арттыру үшін ол 16 жастағы ұлы Жандосқа қоңырау шалып, учаскелік инспекторға ер адам тұрған орынды көрсетуін сұрады.
Кенжеболатов радиобайланыс арқылы учаскелік инспектордың әрекетін үйлестіріп, оның тез арада жетуін қамтамасыз етті. Ер адам дер кезінде табылып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол – Булаевоның 67 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам өміріндегі қиын жағдайларға байланысты өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мойындады. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр.
Бұл оқиға бейнебақылау жүйелерінің маңыздылығын және полицейлердің кәсібилігін, сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алудағы рөлін айқын көрсетіп отыр.