СҚО-да қызымен жанжалдасқан жігіт көпірден секірмек болды
5 қараша күні сағат 19.00 шамасында СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Константин Пеньков пен Руслан Касимов «Астана-Петропавл» автожолындағы кезекшілік кезінде жол шетіндегі ЖҚС аумағында «Toyota Corolla» автокөлігінің жанында тұрған жігіт пен қызды байқап қалған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, сырт көзге жастардың арасында жанжал болып жатқандай көрінген.
Қандай да бір заң бұзушылықтар орын алмас үшін тәртіп сақшылары жастарға жақындаған. Сонда жас жігіт ештеңе болмағанын айтып сендіріпті. Бірақ сәл ұзаған полицейлер жігіттің кенеттен көпір жаққа жүгіріп бара жатқанын байқап қалады. Батальон қызметкерлері дереу қызметтік көлікке мініп, оны соңынан қуады.
“Жігіт темір қоршауларға мініп, секірмек болғанда полицейлер оны қолынан ұстап, тоқтатып үлгерді. Сәлден соң ашуы басылып, алғысын айтты. Полиция қызметкерлерінің сауатты әрекетінің нәтижесінде қайғылы оқиғаға жол берілмеді”,- делінген СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.