СҚО-да тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін 200 үйдің құрылысы басталды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Мемлекет басшысының су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді, инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында инфрақұрылымды қалпына келтіру және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары белсенді жүріп жатыр. 4 мыңға жуық отбасыға жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
Азаматтардың баспана мәселесін шешу бойынша шаралар кешені қабылдануда. Өңірде барлығы 3,8 мың үй су астында қалып, оның бүгінгі таңда 1,3 мыңы тексерілді.
Петропавл қаласының «Солнечный-2» ықшам ауданында бекітілген үш жоба бойынша 500 тұрғын үй салынады. Тиісті меморандум жасалып, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Мәселен, «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 үй салынып жатыр. «Kazakhmys» корпорациясы Қор арқылы тағы 100 үй сала бастады. Ірі панельді құрылысқа маманданған елордалық «GLB үй құрылысы комбинаты» зауыты «Kaspi» АҚ қаражатына 300 тұрғын үй салады.
СҚО тұрғындарына баспана сатып алу үшін жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарықтары негізінде пәтерлер пулы жасақталды. Петропавлда алғашқы 7 пәтер сатып алынды, аталған жұмыс одан әрі жалғасады.
Ойқала ықшам ауданында және Былғары кентінде 26 үй мен 7 пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде ықшам аудандар мен ауылдарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 800-ден астам жұмысшы мен 400 бірлік техника жұмылдырылған.