Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да үстел теннисі орталығы ашылды

СҚО-да үстел теннисі орталығы ашылды

Петропавлда Республика күні қарсаңында заманауи үстел теннисі орталығы есігін айқара ашты. Онда бір уақытта 92 спортшы жаттыға алады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Теннис орталығы барлық әлемдік стандарттарға сай келеді. Мұндай нысанды іске қосу СҚО-да, сондай-ақ өңірдің аудандарында үстел теннисін дамытуға серпін береді деп ойлаймын”, – деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов үстел теннисі орталығының салтанатты ашылуында.

Ашылу күні жаңа және заманауи орталықта үстел теннисінен облыс чемпионаты басталды. Жарысқа аудандық және қалалық командалар қатысты.

“Чемпионат БЖСМ арасында өтуде. Оған 2010-2012 жылдары туған және одан да жас балалар қатысып жатыр. 80-ге жуық адам жиналды. Додада облыстың 6 ауданынан келген балалар бақ сынауда. Орталық туралы көп нәрсе айта аламын, ол спорт қоғамдастығының соңғы талаптары бойынша жабдықталған. Мұнда түрлі деңгейдегі турнирлер, соның ішінде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге болады”, – деп атап өтті үстел теннисі бойынша БЖСМ жетекшісі Ирина Пюрко.

Үстел теннисі орталығы 24 теннис үстеліне арналған ойын залымен, сондай-ақ жалпы дене шынықтыру дайындығына арналған орынмен қамтылған, тренажер залы және киім ауыстыратын бөлмелер де бар. Әкімшілік корпус те қарастырылған.

“Үстел теннисімен 8 жылдан бері айналысып келемін. Әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатыстым, туған жылым бойынша облыстың абсолютті чемпионы болып табыламын. Қазақстан чемпионы болуды армандаймын. Бұл орталық менің дамуыма және жаңа биіктерге жетуіме көмектеседі деп ойлаймын”, – деді “БАРС” спорт мектебінің тәрбиеленушісі Диляра Смағұл.

Shares