Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да жыл басынан бері жол апатынан 14 адам қаза тапты

СҚО-да жыл басынан бері жол апатынан 14 адам қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері жүргізушілер 107 жол апатына себепкер болды. Салдарынан 168 адам зардап шекті, оның ішінде 155 адам жарақат алды. Оның 28-і – кәмелетке толмағандар. Өкінішке қарай, 14 адам қаза тапты. Ажал құшқандардың 1-еуі – бала. Бұл туралы СҚО ӨКҚ брифингінде СҚО ПД өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны – 67,2%-ға, ал зардап шеккендердің үлесі 48,6%-ға және қаза болғандардың қатары 180%-ға өскені байқалады.

«Биылғы жылы ең көп жол-көлік оқиғасы Петропавл қаласында тіркелді – 59 жағдай, онда 68 адам жарақат алып, 3 адам көз жұмды. Қызылжар ауданында – 11, Тайынша ауданында – 9 жағдай. Өлімнің ең жоғары пайызы Есіл ауданында тіркеліп отыр. 6 оқиғада 3 адам ажал құшты, ал М.Жұмабаев ауданында 5 оқиғада 1 адам қайтыс болды», – дейді Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Саян Асқаров.

Өткен кезеңде полицейлер жол-көлік оқиғаларына қатысты 50 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде биыл 36 іс тіркеліп, 10 іс сотқа жолданды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде полиция органдары 4 тұлғаға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады, оның ішінде сот 2 тұлғаны уақытша ұстау изоляторынан босатумен бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тартты. 32 қылмыстық іс бойынша қылмыстық процеске қатысушыларға келуге мәжбүрлеу шарасы таңдалды. 2024 жылдың 4 айында облыста жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан адам саны өлтіруден 4,5 есе көп», – деді Саян Асқаров.

Shares