СҚО-ның құрметті азаматы Иван Куропаткин өмірден өтті
92 жасында СҚО-ның құрметті азаматы, еңбек ардагері Иван Михайлович Куропаткин өмірден озды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Ол еңбек жолын 1943 жылы колхозда бастаған. Балтық флотының кемелерінде әскери борышын өтеген. Иван Михайлович Петропавлға көшіп келіп, шебер, құрылыс учаскесінің бригадирі, технологиялық жабдықтар бөлімінің бастығы, құрылыс тресті басшысының орынбасары болды.
10 жыл бойы «Северэлеватормельстрой» тресін басқарып, онда өндірісті ұйымдастырушы таланты толық ашылды. Оның басшылығымен желілік элеваторлар, жем зауыттары, мектептер, мал шаруашылығы кешендері, көпқабатты үйлер салынды.
Зейнеткерлікке шыққанда да белсенді қоғамдық жұмысты жалғастырып, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияны басқарды. Ел алдындағы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
“Иван Михайлович сөздің де, істің де адамы ретінде танылды. Ол өзінің табандылығымен, жұмысқа жауапкершілікпен, адалдығымен ерекшеленді. Оның ұстанымы мен кәсіби шеберлігі құрылысшылардың кейінгі буындарына үлгі болды. Иван Михайловичтің отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын”, – деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.