СҚО полицейлері есірткілік масаң күйдегі жүргізушіні ұстады
Айыртау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 29 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы көлікті тоқтатқан. Жүргізушінің іс-қимылы полиция қызметкерлеріне күмәнді көрінген. Бұл медициналық куәландыру нәтижесінде расталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жүргізуші есірткілік масаң күйде көлік тізгініне отырған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналды. Баптың санкциясы 15 тәулікке қамаққа алуды және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыруды көздейді.
“Аталған факті «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Ол биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Іс-шара өткен 6 күнде облыс жолдарында 2 мыңнан астам түрлі бұзушылықтар анықталды. Олардың арасында апаттылыққа тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар да бар. Жүргізушілердің көлікті масаң күйде басқаруының 31 фактісі анықталды. Осынша рет жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол бермеген. 209 жүргізуші жылдамдықты арттырды. 169 жүргізуші көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдаланған, 285 жүргізуші қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған”,- дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов
Полицейлер қозғалыстың барлық қатысушыларын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.