СҚО полиция майоры «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Акордада өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да офицерлер мен сарбаздармен бірге Солтүстік Қазақстан облысы ПД-нің Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ольга Кангозинаға «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін табыстады, деп хабарлайды QZ News.
Бұл марапат әскери қызметшілерге, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен бастамашылдығы үшін беріледі.
Ольга Кангозина бұл марапатқа 2021 жылғы қаңтарда жасаған ерлігі үшін ие болды: Хлеборобное ауылындағы сайлау учаскесінде қызметте жүрген кезінде, Рощино ауылының тұрғынының толғағы келіп қалғанын көріп, фельдшермен бірге жедел жәрдемді күтпей, шұғыл босандыру көмегін көрсеткен. Оның айтуынша, бұл оқиға қызметтегі ең толқытқан сәттердің бірі болған.
«Полиция майоры Ольга Кангозина тергеушіден аға жедел уәкілге дейінгі жолдан өтіп, кез келген тосын жағдайда әрекет етуге дайын, жауапты әрі батыл қызметкер ретінде танылды», – деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.