Су тасқынынан зардап шеккендерге үй салу үшін Солнечный кентінен 100 жер телімі бөлінді.
Петропавлға су тасқынының екінші толқыны келе жатыр. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің жазбасына сүйенсек, қазіргіден де жоғары өсім күтілуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Қала басшысы Петропавлда бүлінген жылжымайтын мүлікті бағалауға қатысты да жағдайды түсіндірді.
«Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді тексеру мүмкін емес. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар басталып жатыр. Кеше «Ойқала» және «Косогор» сынды ықшам аудандарда болып, кейбір үйлерді аралап көрдік. 12 баспана қатты зардап шеккен. Бұл оларды қалпына келтіруге, өмір сүруге жарамсыз екенін білдіреді. Сондықтан судың кетуін күтудің қажеті жоқ, біз қазірдің өзінде тұрғындардың баламалы баспана алу механизмін әзірлеудеміз. Бүгін осы үйлердің иелерімен кездестім. Олар пәтер іздеуге кірісті. Біз оларға нұсқаларды ұсынамыз, бірақ өздері таңдау жасайды. Олар өздерінің шаршы метрлері бойынша баспана іздеген кезде, біз дереу құжаттарды рәсімдей бастаймыз», – деп жазды Серік Мұхамедиев әлеуметтік желіде.
Әкім петропавлдықтарды барлық үй сараптамадан өтетініне сендірді.
«Қажет болса, үйді қалпына келтіреміз немесе пәтер аламыз. Су ағып кеткенше сәл күту керек. Ал мен жоспарларымызға аз-кем тоқталып өтейін. Қазір зардап шеккендерге арналған баспана қорын жасақтап жатырмыз. Қазірдің өзінде 18 пәтер бар. Біз 204 пәтердің дерекқорын дайындаған жергілікті риэлторларымен мәселені пысықтадық», – деп атап өтті қала әкімі.
Серік Мұхамедиев Солнечный ауылында үй салу үшін 100 жер телімі таңдалғанын да айтты. Үйлер стандартты көлемде болады – 80 ш.м.