“Таза Қазақстан” республикалық акциясы басталғалы бері Петропавлдан 340 тоннадан астам қоқыс шығарылды
Петропавлда “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті. Облыс орталығы әкімдігінің мәліметінше, эко-акцияға 3 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Қала көшелеріне мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, еріктілер мен айналаға бейжай қарамайтын тұрғындар шықты. Тазалауға ірі көлемдегі техника – КАМАЗдар, тиегіштер және т. б. бөлінді.
“Біз осындай акцияға арнайы шықтық. Біздің қаламыздың жастары, “Жасыл ел” өкілдері, еріктілер қозғалысының және жастар ұйымдарының мүшелері қатысуда. Бұлардың барлығы біздің қаланы таза ету үшін келді. Мұндай акцияға апта сайын қатысамыз, 2-3 рет қоқыс тазалаймыз”, – деді Петропавл қалалық ЖРО басшысы Дамир Әбдин.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында үнемі сенбіліктер, таза бейсенбіліктер өткізіледі. Қала тұрғындары алаңдарды, қоғамдық орындарды ретке келтіреді, көпқабатты үйлердің аулаларында, жолдар мен орман бойында тазалық орнайды. Республикалық акция басталғаннан бері облыс орталығынан 340 тоннадан астам қоқыс шығарылған.