Теріскейлік екі белсенді “Жазғы волонтерлер мектебі -2024” жобасына қатысуда
Ақмола облысының Зеренді ауданында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің ұйымдастыруымен “Жазғы волонтерлер мектебі -2024” жобасы өтуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Мектептің ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова қатысты.
Мақсат – волонтерлік қозғалысқа қатысушылардың бейіндік және жеке әлеуетін дамыту, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлеріндегі волонтерлік қоғамдастық өкілдері арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай өрісін қалыптастыру.
Жазғы мектепке 17 өңірден және республикалық маңызы бар 3 қаладан келген волонтерлер, сондай-ақ волонтерлік қызмет өтілі кемінде бір жыл болатын волонтерлік ұйымдардың, бастамашыл топтардың, волонтерлердің өңірлік фронт-офистерінің үйлестірушілері мен басшылары қатысады. СҚО-дан волонтерлердің жазғы мектебіне қатысу үшін “Көмек жақында” волонтерлік қозғалысының жетекшісі Дамир Әбдин және “Береке” волонтерлік қозғалысының құрушысы Әлихан Мұратқазы аттанды.
“Мен толыққанды қатысушы, осы тамаша қауымдастықтың мүшесі болғым келеді, жаңа идеялар жинағым, еліміздің әр түкпірінен келген ерікті әріптестеріммен тәжірибе алмасқым келеді”,- деп атап өтті “Береке” еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Мұратқазы.
Еріктілердің жазғы лагері қатысушыларға волонтерлік принциптер мен волонтерлік түрлері, жобаларды жоспарлау, волонтерлік топтарды құру, топтық жұмыс және көшбасшылық, бюджетті анықтау және жобаларды ақпараттық қолдау сияқты тақырыптарды қамтитын тренингтердің кең ауқымын ұсынады.