Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Ұлттық қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін пайдалану қажет»,- Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың маңызы жайлы пікір білдірді

«Ұлттық қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін пайдалану қажет»,- Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың маңызы жайлы пікір білдірді

«Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу». Бұл – ҚР Президентінің су жаңа Жолдауындағы жолдардың бірі. Мемлекет басшысының пікірінше, бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет», деді Жолдауында ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөліне де жеке тоқталды. Президенттің пікірінше, қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет екендігін Президент баса айтты.

Shares