Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Жастар – Отанға»: Петропавлда өткен әскери-патриоттық форум жастар мен ардагерлерді біріктірді

«Жастар – Отанға»: Петропавлда өткен әскери-патриоттық форум жастар мен ардагерлерді біріктірді

Петропавл қаласында дене шынықтыру, спорт және бастапқы әскери даярлық бойынша өңірлік оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Жастар – Отанға» әскери-патриоттық форумы өтті, деп хабарлайды QZ News.

Іс-шараның мақсаты – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру.

Форумға 300-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында «Жас сарбаз», «Жас қыран», «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубтарының мүшелері, осы бағытты үйлестіретін мемлекеттік мекемелердің өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ бастапқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің мұғалім-ұйымдастырушылары бар.

Құрметті қонақтар қатарында СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ернар Мейірханов, ҚР Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Токушев, Омбы облыстық «Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ-орыс достығы орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Махаббат Көптуров, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кажымұрат Әлжанов болды.

Форумның алғашқы бөлігінде әскери-патриоттық клуб мүшелеріне арналған секциялық отырыстар өтті. Маңызды оқиғалардың бірі – Омбы облыстық «Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ-орыс достығы орталығы» қоғамдық ұйымы мен дене шынықтыру, спорт және бастапқы әскери даярлық бойынша өңірлік оқу-әдістемелік орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Форумның пленарлық бөлімінде шақырылған қонақтар сөз сөйледі. Іс-шараның салтанатты рухын әскери академия оркестрі мен қарумен өнер көрсеткен курсанттар арттыра түсті. Форум аясында «Қалқан» республикалық қысқы спартакиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаз командаларға кубоктар, медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Shares