Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: капитан Өмірзақ Шалғынбаевтың Кёнигсбергке дейінгі жолы
QZ News Ұлы Жеңіске үлес қосқан жандардың тағдырлы тарихымен бөлісуді жалғастыруда. Бұл жолы өз отбасының қаһарман ардагері туралы естелігімен Ілияс Сабдинов бөлісті.
«Мен бұрын өзімнің атам, Отан соғысының ардагері жайлы жазған емеспін. Оны өмірімде көрмесем де, анамнан ол кісі туралы көптеген әңгіме естідім. Сол үшін де мен мұндай атаммен мақтанамын!»
Капитан Шалғынбаев Өмірзақ Малғаждарұлы Берлинге дейін жеткен ержүрек сардар. Соғыстың соңғы шешуші кезеңінде фашистерге соққы беру үшін жасалған соңғы шабуыл алдында ол өзі басқарған 120-шы жеңіл артиллериялық Новгород-Северск полкімен бірге Кёнигсбергте орнығып, сонда тұрақтады. Соғыстан кейін, қаладағы тонауды болдырмау үшін, ол әскери комендант болып қалып, тәртіп орнатуға күш салды. Сол кезде шаршап-шалдығып, бірақ рухы сынбаған жауынгерлерімен бірге Берлинді шабуылдауға қатысу мүмкіндігі болса да, тәртіпті сақтау міндетін басты орынға қойды.
Оның кеудесіне тағылған марапаттарының қатарында – екі «Даңқ» ордені, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Ленин» ордендері, «Германияны жеңгені үшін» және «Кёнигсбергті алғаны үшін» медальдары бар. Алайда, атам соғыс туралы көп айтып беруді ұната қоймайтын. Тек 100 граммды ішіп отырған сәттерде ғана жүректен шыққан шынайы естеліктерімен бөлісетін.
Ол 1939 жылы небәрі 21 жасында әскер қатарына аттанып, тек 1946 жылдың күзіне қарай елге оралды. Соғыс жолынан толық өтіп, жауынгерлік рухпен шыңдалған нағыз азаматқа айналды. Жеңістен кейін де бір жарым жыл бойы қираған кеңестік қалаларды қалпына келтіруге атсалысып, содан соң ғана Солтүстік Қазақстанға оралды.
Полк командирі оны «батыл, ержүрек және табанды офицер» ретінде сипаттаған.
«Қорғаныс шайқастарында Шалғынбаев төзімділіктің, тәртіптің, батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті, бөлімшені ұрыста басқаруда шеберлік танытты. Оның батареясы ашық позицияда соғысып, адам шығынын болдырмады», – делінген оның марапаттау парағында.
Атам өзінің қайсар мінезін соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де көрсете білді. Смирново кентінде КПСС аудандық комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде де ол жалған намыс, жауапсыздық пен жағымпаздыққа төзе алмайтын. Мінезі қатал, талапшыл, өз ұстанымы бар адам еді, сол үшін кейбіреулер оны ұнатпайтын да. Көпшілік бұл мінезді соғыстың салдары десе, жақындары оның табиғаты сондай екенін, дәл осы қасиеттері командир болуына себеп болғанын айтатын.
Амурзақ Малғаждарұлы мен әжем бес перзент өсіріп, барлығына өнегелі тәрбие мен сапалы білім берді. Балаларының бәрі де ақылды, өмірге құштар жандар болып ер жетті. Олар әкелерін мақтаныш тұтып, оның есімін ардақтап өтті. Мен де мақтан етемін! Естен кетпес жарқын естелік!»