Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Жеңіс күні: солтүстікқазақстандықтар “Мәңгілік алау” мемориалында қаза тапқан сарбаздарды еске алды

Жеңіс күні: солтүстікқазақстандықтар “Мәңгілік алау” мемориалында қаза тапқан сарбаздарды еске алды

Жыл сайын 9 мамыр күні солтүстікқазақстандықтар Жеңіс сарбаздарын еске алады. Олар портреттерімен аланға шығып, ішкі сезімдерімен бөліседі. Себебі, барлығы ой дәптерінде жазылып қалған. Ұлы Отан соғысының батырлары жақындарының жүрегінде мәңгі қалады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Мәселен, Тагир Зарипов театр алаңына әкесі мен ағасының портреттерімен келді.

“Зарипов Габдулла Харисович – менің әкем. Ол 43-ші жылы 18 жасқа толғанда Алматыда жеделдетілген курстардан өтіп, майданға жіберілді. Венаға жетіп, Жеңіс күнін сол жерде қарсы алды. Жауынгерлік еңбегі үшін медальдармен марапатталған. Бұл – менің ағам Аитов Шакир Максютович. Ол 41-ші жылдың желтоқсанында шақырылып, жаяу әскер құрамында Берлинге жетті. Ол музыкант болғандықтан, қолбасшылық оның полкіне оркестр ұйымдастыруды тапсырды. Ол баяншы және скрипка шебері болған”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Тагир Зарипов.

Ержүрек жауынгерлердің жауынгерлік жолы туралы мәліметтер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Ал жеңіс сарбаздары туралы фотосуреттер мен құжаттар отбасылық мұрағаттарда мұқият сақталады.

“Менің қолымдағы портретте күйеуімнің атасы – Жанайдар Тәжиев. Ол екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен шайқасты. Майданда жарақат алды, егер сіз фотосуретке мұқият қарасаңыз, жарақатты көре аласыз. Ол Берлинге жетті”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Анар Маратқызы.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

“Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын! Біз жерлестеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, 314-атқыштар дивизиясының ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Майданға аттанған теріскейліктердің 55-і – Кеңес Одағының Батырлары, 11-і – Даңқ орденінің толық кавалерлері. Олардың есімдерін бүгінде Петропавл қаласы мен облыс аудандарындағы оқу орындары, көшелер алып отыр. Біз олардың есімін жадымыздан шығармаймыз, құрметтейміз”, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтау сөзінде.

Жеңістің 79 жылдығын Ұлы Отан соғысының 4 қатысушысы қарсы алды. Олардың бірі – Василий Макиенко мереке күні алаңға сирек кездесетін көлікпен әкелінді. Аймақ басшысымен бірге ардагер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Мереке күні жауынгерлік даңқ мемориалы қызыл қалампырмен көмкерілді. Солтүстікқазақстандықтар бір-бірін құттықтап, ата-бабаларының естеліктерімен, білгендерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Жеңіс саябағында гүл шоқтары қойылды.

Shares