Жұмыстың төрттен бірі орындалды: Петропавлда №6 жылу магистралін жаңғырту жұмыстары жалғасуда
«Петропавл жылу желілері» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында Ружейников көшесі бойындағы №6 жылу магистралін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2024–2026 жылдарға жоспарланған бұл жоба қала тұрғындарын жылу және ыстық сумен қамту сенімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды QZ News.
Гоголь көшесінен Халтурин көшесіне дейінгі аралықта диаметрі 500 мм болатын магистралдық құбырдың шамамен 900 метрі жаңартылуы тиіс.
«Сондай-ақ үш жылу камерасын жаңғыртып, жаңа бекітпе арматурасын орнату көзделген. Қазіргі уақытта жұмыс көлемінің 25 пайызы орындалды: шамамен 250 метр құбыр ауыстырылып, бір жылу камерасы жаңартылды. Бұл жылу магистралі 100-ге жуық тұтынушыны, оның ішінде облыстық Ботаникалық бақты жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жобаның жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы жылу шығынын азайтып, желідегі апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жұмыстарды мердігер ұйым жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.