Жыл басынан бері интернет-алаяқтар СҚО тұрғындарына 50 млн теңге шығын келтірген
Облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың төрағалығымен кезекті алқа отырысы өтті. Онда интернет-алаяқтықпен күресу бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі кеңінен сөз болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жиынға облыстық, қалалық деңгейдегі жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қалалық мәслихаттың өкілдері мен
жұртшылық арасындағы белсенділер және СҚО адвокаттар алқасының мүшесі қатысты.
Отырыста 2024 жылы интернет арқылы жасалған алаяқтықтың 456 фактісі тіркелгені, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артық екені айтылды. Облыс тұрғындарына 450 млн теңге көлемінде шығын келген.
“Интернеттегі алаяқтық фактілерінің тек 16% ашылуы ойландырады. Интернет-алаяқтық фактілерінің 75% қылмыскердің анықталмауына байланысты аяқталған. Яғни тергеу тоқтаған. Бұның барлығы полицияға байланысты болып отыр. 2021 жылдың басынан бастап бұл орган ІІМ-ге бағдарламалық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізген жоқ. Бүкіл облыс тиімсіз бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Қаланың Киберполында ешқандай бағдарламалық жасақтама жоқ және бұл ұжым құрылған сәттен бастап өзін көрсеткен жоқ”, – деді облыс прокуратурасы басқармасы бастығының орынбасары Максим Доровик.
Сөз барысында спикер интернеттегі алаяқтыққа қатысты тіркелген 456 істің 47-сі ғана сотқа жолданғанын айта кетті. Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Елена Игнатенко да болып жатқан жайтқа қатысты өз пікірін білдірді. Ол құқық қорғау органдары қаржы институттары құрған саясатқа назар аударуы керек деп санайды.
«Бұл жағдайда банктерден қабақ шыта сұрау керек деп есептеймін. Олар тұтынушыларға қашықтан қызмет көрсетеді. Түрлі бағдарламалық құралдарды пайдаланады. Міне, соларға алаяқтардың қол жеткізу мүмкіндігін анықтаған маңызды. Қаржылық қызметтерді тұтынушылар өздерінің қауіпсіздігі туралы білуге құқылы. Интернетте жеке деректердің таралуы және жүйенің осалдығы туралы көптеген ақпарат бар, бірақ банктердің атауы белгісіз, ақпарат жабық», – дейді Елена Игнатенко.
Бүгінде ұялы байланыс операторларының әрекетсіздігі де назар аудартады, деп атап өтті Елена Игнатенко. Құқық қорғаушының айтуынша, интернеттегі алаяқтар жасайтын қаржылық қылмысқа келгенде олар да өз жауапкершілігін сезінуі керек.