Жыл басынан бері СҚО-да өрт салдарынан 18 адам қаза тапқан
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 371 өрт орын алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 жағдайға аз. Тілсіз жау 18 адамның өмірін қиды, тағы 9 жан ыстан уланып қайтыс болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жыл сайын өрт салдарынан жүздеген адам жан тапсырады. Қызыл жалын қателікті кешірмейді. Оның қай уақытта орын алып, қайдан шығатынын да ешкім білмейді. Сол себепті құтқарушылар өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды. Сіздің іс-әрекетіңіз өз өміріңізге ғана емес, сондай-ақ жақындарыңыз бен көршілеріңіздікіне де қауіп төндіруі мүмкін.
«2023 жылдың 10-шы қаңтарында Қарағандыда 16 қабатты тұрғын үйдің 8-ші қабатындағы пәтерде өрт болды. Баспанадан 3 адамның мәйіті табылды. 1 тамызда Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінен де өрт шықты. Оған лифт шахтасындағы электр кабельдерінің тұтануы себеп болған. Өрт салдарынан 1 адам қаза тапты. 6 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан Жоғарғы Борлық ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Нәтижесінде баспана толығымен жанып кетті. Оқиға орнынан 1970 жылы туған үй иесінің мәйіті табылды», – дейді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.
Облыс орталығында биіктігі 30 метрден асатын үйлер бой көтере бастады. Қазір облыс аумағында мұндай 30 үй бар. Төтенше жағдай кезінде қауіпті азайту және дер кезінде әрекет ету мақсатында өрт сөндірушілер мұндай нысандарда жоспардан тыс тактикалық оқу-жаттығулар өткізеді. Мәселен, Жабаева көшесіндегі 40-шы және 142-ші үй. Бұл мекенжайларда өрт қауіпсіздігі бағытында бұзушылықтар бар.