Жылыту маусымы: 2-ЖЭО қауырт маусымға дайын ба және Петропавлда қандай нысандар бірінші кезекте жылуға қосылады?
Петропавлда жылыту маусымы ресми басталар алдында білім және денсаулық сақтау мекемелері жылуға қосыла бастады. Бүгінгі күні 32 балабақша, 10 мектеп, 4 аурухана жылумен қамтылған. Сондай-ақ, 76 жеке үйге де жылу берілді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС алдын ала дайындық актісін алған нысандар жылу беру жүйесіне жылу беру маусымынан ерте қосыла алатынын еске салады. Ол үшін тұтынушылар қызмет көрсету орталығына мына мекенжай бойынша барып, тиісті өтініш беру керек: Жамбыл көшесі, 215 А немесе «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ сайтындағы «ПЖЖ» ЖШС электронды кеңсесі арқылы хабарласыңыз. Өтініш берушінің қолында күзгі-қысқы кезеңде пайдалануға дайындығы туралы анықтама болуы керек және онлайн өтінімді ресімдеу кезінде оның сканерленген нұсқасын тіркеген жөн.
Айтпақшы, ҚР Энергетика министрлігінің сайтында Петропавл 2-ЖЭО-ның жылу беру маусымына дайын екендігін хабарланды.
«Алдағы жылу беру маусымына дайындық аясында №3 және 11 қазандықтарды, сондай-ақ №2, 4, 5, 6, 7 турбиналарын жөндеу жұмыстары аяқталды. №9 қазандықты жөндеу де аяқталды, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. №10 қазандықты жөндеу жұмыстары 21 қазанда аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. №3 турбинаны жөндеу 30 қыркүйекте аяқталуы тиіс. №1 түтін құбырының ақаулы бөлігін бөлшектеу жұмыстары жалғасуда. Соңғы мерзім – 1 қазан. Жылыту кезеңінде 9 бу қазандығы мен 7 турбинасы бар жылу электр орталығын іске қосу жоспарлануда. Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаменті ЖЭО-ның алдағы жылу беру маусымына дайындығын үнемі қадағалап отырады», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі.