Петропавловск
+21°C
Главная страница » Казахстан » Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау: баспана, көмек және жұмысқа орналасу

Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау: баспана, көмек және жұмысқа орналасу

Қазақстанда қандастар мен қоныс аударушыларға өмір сүру жағдайын жақсартуға және жаңа өңірлерге бейімделуіне бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

Еңбек мобильділігі орталығында бейімдеу және интеграция бөлімі жұмыс істейді. Мұнда кеңес беру, ақпараттық, аударма, оқу және басқа да бейімдеу қызметтері ұсынылады. Этникалық қазақтар мен олардың отбасылары қандас мәртебесін алғанға дейін 10 күнге дейін уақытша орналастыру орталығында тегін тұра алады.

Қоныс аударушылар үшін келесі қолдау шаралары қарастырылған:

  1. тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарызды жабу үшін бір реттік ақшалай көмек;
  2. көшіп келу, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеу;
  3. жаңа мекенде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға жәрдемдесу;
  4. жұмыс берушінің сұранысы болған жағдайда кәсіби оқыту.

2025 жылға арналған төлемдер көлемі:

  • көшіп келу үшін — 70 АЕК (әр отбасы мүшесіне 275 240 теңге);
  • тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер — 15–30 АЕК аралығында (ай сайын 12 ай бойы, 58 980–117 960 теңге, отбасы құрамы мен орналасқан жеріне байланысты);
  • экономикалық мобильдік сертификаты — 1160 АЕК (4 561 120 теңге), бұл тұрғын үйдің құнының 50%-ын жабады. Қалған соманы қоныс аударушы өзі төлеуі қажет.

Сонымен қатар, өңірде нақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар. 2025 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы аудандарында 881 бос жұмыс орны ашық, оларға 1305 қызметкер қажет.

Ең сұранысқа ие мамандықтар:

  1. электр тарату желілерін пайдалану жөніндегі электрмонтер — 114 орын;
  2. ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі — 45 орын;
  3. математика пәнінің мұғалімі — 40 орын;
  4. орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — 32 орын;
  5. мал шаруашылығы кешендері мен механикаландырылған фермалардың операторы — 30 орын.

Бұл деректер ауылдық жерлерде, әсіресе энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында білікті жұмысшы және педагог кадрларға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бағдарламаның мақсаты – қоныс аударушыларға жайлы қоныстану мен жаңа өмірге сенімді бастау жасауға жағдай жасау.

Shares