Петропавловск
+21°C
Главная страница » Новости » «Халық заңгері» СҚО-да: жүздеген тұрғын тегін құқықтық кеңес алды

«Халық заңгері» СҚО-да: жүздеген тұрғын тегін құқықтық кеңес алды

2 ноября, 2025 10:11

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында дәстүрлі республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті. Прокурорлар, заңгерлер мен адвокаттар, сондай-ақ әкімдіктер, полиция және қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері Петропавл қаласы мен облыстың барлық 13 ауданының тұрғындарына кеңес берді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Тек Петропавлдың өзінде екі сағат ішінде 167 адам кеңес алды. Жалпы алғанда, акция шеңберінде 453 солтүстікқазақстандық тегін құқықтық көмекке жүгінді.

«Бұл акция азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың тиімді құралы болады деп санаймын. Біз заңнама мәселелері бойынша түсіндірулер мен құқықтарын қорғау жолдары туралы тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігін ұсынамыз», — деді Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Абдыханов.

Тұрғындар көбіне тұрғын үй, алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, мұрагерлік даулар және банк саласына қатысты сұрақтармен жүгінді.

«Сотта қаралатын корпоративтік даулар да кездеседі. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құжаттарды әзірлейміз, талап-арыз дайындауға көмектесе аламыз. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасына қатысты да мәселелер бар: көптеген азаматтар пәтер алу құқығынан айырылып қалған», — деді СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы Марат Аюпов.

Кеңес алушылардың арасында Заречный ауылында 20 жылдан астам тұрып келе жатқан Людмила Пыхтина да бар. 2023 жылы оның үйі өртеніп, жазда отбасы жаңа баспана салған, ал 2024 жылдың көктемінде ол су тасқынынан зардап шеккен.

«2023 жылы үйіміз өртеніп кетті. Балалар жаз бойы жаңа үй салып берді. Шатыры да болды, екі қабатты еді. 2024 жылы су басу болды, ал біз құрылысқа құжат рәсімдемеппіз. Ескі үйге құжаттар бар, жаңа үйге — жоқ. Бармаған жеріміз қалмады», — деді тұрғын.

Прокуратура мамандары іс-әрекет тәртібін түсіндіріп, қажетті құжаттардың тізбесін берді және оны облыс прокурорының жеке қабылдауына жазды.

Тұрғындарды облыс әкімдігі, облыстық прокуратура, әскери прокуратура, полиция департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық адвокаттар алқасы, Астана қаласының заң консультанттары палатасы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және басқа да кәсіби құрылымдардың өкілдері қабылдады.

Күн қорытындысы — айлар бойы орнынан жылжымай тұрған мәселелері бар азаматтар үшін жүздеген жеке консультация және әрі қарайғы іс-қимылдың нақты алгоритмдері.

Shares