Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы — «Беделді балалар ауруханасы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы

Астанада Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайынғы «Беделді балалар ауруханасы – 2025» байқауының қорытындысын шығарды. Жеңімпаздар болып Алматы қаласының Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы және Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы атанды, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО-ның көпбейінді балалар ауруханасы 1983 жылдан бері жұмыс істейді және аймақта 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы, шұғыл, стационарлық және консультациялық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым саналады. Жыл сайын мұнда 16 мыңнан астам бала ем алады, шамамен 60 мың консультациялық қызмет көрсетіледі, 1 800-ден астам бала амбулаториялық оңалтудан өтеді.
Байқаудың мақсаты — балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру және қоғамның балалар ауруханаларына деген сенімін нығайту. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге, медбикелерге және балалар ауруханаларының бүкіл ұжымына кәсібилігі, адалдығы және кішкентай пациенттерге деген шынайы қамқорлығы үшін алғыс айтты.
