АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСҚАН

Тілек ағаның кіндік қаны тамған жер – Аққайың ауданы. Аты айтып тұрғандай биші қайыңдары бұралған, тамыры терең терегі көкке ұмтылған, көз арбайтын көрікті, топырағы құнарлы өлке. Аудан орталығы Смирнов кентінен 5-6 шақырым жерде орналасқан Манғұлда (қазір ол ауыл жоқ) туып, балалық бал дәурен шағы сол жерде өтті — деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ауыл кейін Бейнетқор деп те аталыпты. Осы бір атау сол кездегі адамдардың ауыр тұрмысынан, қиындықтардан сыр аңғартып тұрған сияқты. Тіпті кейбір кезде маңдайына тағдырдың өзі басып берген “мөр” секілді. Иә, әр заманның өз қиындығы бар десек те, өткен ғасырдың қазаққа салған сынағы да, артқан жүгі де зіл батпан еді. Баланы тез есейтіп, жасты ерте қартайтқан аласапыран кезең. Тілек аға да бұғанасы қатып, белі бекімей жатып ерте есейді. Ол соғыс басталғанда небәрі алты-ақ жаста болатын.
– Бертін әкемнің Румыниядағы бауырластар қорымына жерленгені туралы ақпарат таптық. Өкінішке қарай, бара алмадым. 8 жасымнан еңбекке араластым. Жалғыз мен ғана емес, ауылдың бар баласы соғысқа аттанған әкелерімізді жоқтатпаймыз деп, еңбек майданына кірдік. Шал-кемпір, әйелдермен бірге егін орып, шөп шаптық. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала болсақ та, аянған жоқпыз. Орақпен егін орып, оны молотилканың өңешіне айырмен лақтырып тұрушы едік. Ал молотилканы қолы қарулы әйелдердің бірі айналдырып тұрады. Несін айтасың, азап жұмыс қой, қазір қарап тұрсаң. Соған аналарымыз, әпкелеріміз, жеңгелеріміз жан аямай жегілді. Мына бір жай әлі көз алдымнан кетпейді. Жер жыртатын трактордың жарығы жоқ, түнде де жұмыс істейтін болғандықтан, балалар кезектесіп қолымызға шам алып, алдында жүгіріп отырамыз. Құлап-сүрініп, безектеп жүресің. Ол трактордың моторы қызып кете беретін болғасын, ауылдан бөшкемен су әкеліп, алқаптың орта тұсына қояды. Бір айналып келіп, әлгіден суық су құйып отырмаса болмайды. Осындай қиын жұмыстарды атқардық.
Иә, Тілек ағаны өмір аяған жоқ, бала күнінен аяусыз соққылады. Атасы мен әжесінің қолында өскесін бала күнінде әкенің жоқтығын сезген жоқ. Бірақ майданнан қос боздағы оралмаған екі мұңлық соғыс аяқталған соң, көп ұзамай, бірінен соң бірі о дүниеге аттанды. Сөйтіп, шаңырақта жесір әйел, жетім бала қала берді. Бірақ өмірге құштар жанның талпынысы ерекше еді. Қандай іс болмасын беріліп істейтін. Оқуға да бар ынта-жігерін салды.
Смирновтағы мектеп жанынан ашылған қазақ сыныбына маңайдағы ауылдардағы қарадомалақтардың бәрі қабылданған еді. Білімге құштар Тілек аға да қатарластарынан қалмай, осы білім ордасының табалдырығын аттады. Интернатта тұрып, тәртіпке бағынды. Таласа-тартыса жүріп дос тапты, кітаптың айнымас серігіне айналғаны да осы кез еді. Оқу озаты атанды. Алтын медальға қолы сәл ғана жетпей қалды. Бұл да тағдырдың бір сынағы еді, одан да өтті. 1953 жылы мектепті бітіре сала ару қала – Алматыға аттанды. Күміс медаль иегері болғандықтан ауыл шаруашылығы институтының агрономия бөліміне емтихансыз қабылданды. Тек, арман қуып келген білім ордасында қалаған дипломын ала алмады. Теріскейдің қытымыр аязына төзген денсаулығы таулы өлкеге бейімделе алған жоқ. Сол кездердегі тәртіп бойынша оқудың алғашқы айын студенттер алқаптағы жиын-терімде өткізетін. Тілекең де замандастарымен бірге оңтүстікке мақта теруге аттанады. Бірақ қайтып келгесін денсаулығы сыр беріп, климат жақпағандықтан елге оралуға мәжбүр болды. Есепке жүйрік болғанының пайдасы сонда тиді. Кешікпей арнайы білімі болмаса да, “Қиялы” кеңшарындағы жұмысшы кооперативіне есепші болып орналасты. Қарапайым есепшіден бастап, бас бухгалтерлікке дейін сатылап көтерілді.
Тілек Әйтімұлы 1963 жылы байланыс жүйесіне ауысты. Төрт жыл бойына аудандық бөлімде істеп, қызмет баспалдағынан қайта өтті. Алдымен қатардағы нормалаушы болса, бас бухгалтерлікке дейін көтерілді. Тағы да өзінің табандылығы мен адалдығының, кез келген затқа ұсақ-түйек деп қарамай, бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қасиетінің арқасы. Араға төрт жыл салып, 1967 жылы Бескөл ауданында енді ғана құрылған байланыс бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Орда бұзар отыз жасында жаңа қызметке кірісіп, аудандық құрылымның жұмысын жолға қойды.
Адамның қасиеті адалдығы болса, маманның қасиеті білігінде. Яғни, өз ісін бүге-шігесіне дейін біліп, міндетін абыроймен орындауында. Бұл – Тілек ағаның басты ұстанымы. Осы қағидасына өмір бойы адал. Тиянақтылығы мен ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалаған басшылық 1975 жылы оны облыстық байланыс басқармасы бастығының орынбасары қызметіне шақырады. Бұл қамал алар қырыққа енді толған кезі еді.
Тілек Әйтімұлы облыстық байланыс қызметіне ауысқаннан кейін, өңірде осы саланы жандандыру үшін аянбай еңбек етті. Сол кездегі облыс құрамындағы 12 ауданның бәрінде байланыс торабы ғимаратының салынуын қадағалап, қабылдау комиссиясына төрағалық етті. Олардың біреуі ғана 2 қабатты болса, қалғаны 3 қабатты ғимарат болатын. Бүгінгі интернетке байланған заманда, бір кездері тұрғындар бір-біріне қағазға жазып хат жолдайтын, онысы тәуліктеп жүріп қана қолға тиетін десе, ертегідей көрінуі мүмкін. Ағамыз мені де сене қоймайды деді ме екен, нақты цифрларды тізбелей бастады. “Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысына тәулігіне 45 мың сәлемдеме (посылка) келетін. Оларды қабылдап алып, 461 елді мекенге тарату байланысшылардың басты міндеті болды. Сол кездері облыс бойынша байланыс саласында 555 адам тұрақты жұмыс істеді. Тіпті қарбалас кезеңде жұмысшылар саны 700-ге дейін жететін. Бірақ бір өкініштісі ауыр еңбекке шыдамай, көбі 1-2 аптадан кейін-ақ, өз өтінішімен босап жататын”, – деп еске алды Тілек Әйтімұлы өткен күндерді.
Иә, кез келген жұмыс машық пен тиянақтылықты, білім мен біліктілікті қажет етеді. Ал басшыға қойылатын талаптың бірі – ұйымдастырушылық қабілетінің болуы. Кеңес одағы ыдырағанға дейін байланыс жүйесіне пошта, телекоммуникация мен теле-
радиохабарларын тарату да кіретін. Осылардың бәрін қадағалап, үздіксіз жұмыс істеуі үшін таудай талаптан бөлек, темірдей тәртіп керек. Мысалы, Тілек Әйтімұлы еңбек еткен жылдары Солтүстік Қазақстан облысына күніне 2,5 миллион газет-журнал келеді екен. Ал оларды шалғайдағы ауылдарға жеткізу үшін 150 автокөлік жұмыс істейтін. Бұл тек басқармаға тиесілісі ғана, одан бөлек, басқа ұйымдардан жалға алатындары да болған. Сол кездегі 461 елді мекеннің бәріне де хат-хабар, газет-журналдарды жеткізіп беру – байланысшылардың басты міндеті. Көліктен бөлек, аудандарға күнде қатынайтын атақты АН-2-лердің ұшу кестесі көбіне байланыс басқармасының тапсырмасына орай өзгеріп отыратын. Осының бәрін ұйымдастыру Тілек Әйтімұлына жүктелген міндет болатын.
Тілек ағамыздың жұмысына жауапкершілікпен қарап, зіл батпан жүкті абыроймен атқарған еңбегі еленіп, “Қазақстанның құрметті байланысшысы”, “Бүкілодақтық социалистік жарыстың үздігі”, “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атанды. Бұдан басқа да марапаттары аз емес. Бірақ өзі үшін ең басты сый – отбасы мен ұстанымынан айнымай адал жүріп жинаған абыройы.
