Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО студенті еліктерді қоректендіру бойынша челлендж бастады

СҚО студенті еліктерді қоректендіру бойынша челлендж бастады

Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті “Жабайы жануарды қоректендір” деп аталатын игі челленджді бастады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Мен мұны еліктердің өлуіне жол бермеу үшін қолға алып отырмын. Әрине, біз бәрін құтқара алмайтынымызды түсінемін. Бірақ, егер бәрі осылай игі іс жасаса, онда көбірек жануарды құтқара аламыз деп ойлаймын. Қазір жануарларға қар көп болғандықтан оңай емес. Оларға қозғалу және қорек іздеу аса қиын”, – деді СҚЖКПК студенті Станислав Гвоздев.

Жасөспірімге челлендж жайлы идея оның ауылына елік кіргенде келген. Бастапқыда жануарларды өзі азықтандырады. Кейін пайдалы акция өткізуге шешім қабылдап, еріктілер қозғалысына кіреді.

“2011 жылдан бастап біздің оқу орнымызда “Қамқор” еріктілер клубы жұмыс істейді, оның қатары үнемі толықтырылып отырады. Қазір 460-тан астам ерікті қолдан келгенше көмек көрсетуде. Волонтерлік – бұл жастардың бірлесе тер төгуі, пікірлес адамдарды табу тәсілі. Сонымен қатар, бұл – олардың бойында азаматтық сана-сезімді, рухани қасиеттерді қалыптастыру”, – деді СҚЖКПК директорының орынбасары Жанна Бережная.

Белсенділер жабайы жануарларды үнемі қоректендіруге ниетті. Айтпақшы, әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты пікірталас басталды. Елік қоректендірілетін бейнежазбаның астында пікірлер екі жаққа бөлінді. Біреулер қолдау танытса, енді біреулер үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

“Адамдар далада елік көп, олар азап шегеді деп алаңдайды. Бірақ, бұл – табиғат. Облыстың бүкіл аумағында үлкен мөлшердегі жем-шөпті бөлу физикалық тұрғыда мүмкін емес. Бірақ, әрбір аңшылық шаруашылығында жем-шөп салынатын орындар, азықтандыру алаңдары мен оттықтар бар. Жалғыз проблема – оны ешкім жарнамаламайды”,-деді Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Андрей Красников.

Өткен жылдың деректері бойынша өңірде 20 мыңнан астам елік бар. Қазір олардың саны артты, дейді маман. Жабайы жануарларды қолдау әрі қорғау үшін аңшылық шаруашылықтары арнайы азық жинайды.

“Облыста 47 шаруа қожалығы бар. Олардың барлығы қоректендірумен айналысады. 2024 жыл үшін 770 тонна шөп, 410 тонна астық қалдығы және 430 мың дана жемдік сыпырғыш және 15,5 тонна тұз дайындалды”, – деді Андрей Красников.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары жолдың жанына азық қалдырмауды сұрайды, себебі осыған байланысты өңірде ЖКО саны артуы мүмкін.

 

Shares