Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО онкология орталығының КДЗ меңгерушісі Фарида Түменова: “Мен қазіргі таңда денсаулығы менен нашар адамдарға көмектесуім керек”

СҚО онкология орталығының КДЗ меңгерушісі Фарида Түменова: “Мен қазіргі таңда денсаулығы менен нашар адамдарға көмектесуім керек”

Клиникалық-диагностикалық зертхана кез келген медициналық ұйымның ажырамас бөлігі болып табылады. Зерттеулердің арқасында науқасқа алдын-ала диагноз қойылады. СҚО онкология орталығында клиникалық-диагностикалық зертхананы жоғары санатты дәрігер-зертханашы Фарида Түменова басқарады. Ол 37 жылдан астам өмірін медициналық қызметке арнады. Денсаулық сақтау жүйесіндегі адал еңбегі үшін бірнеше жоғары марапатқа ие болды. Азаматша зейнетке шықса да жұмыстан қол үзбеген, әріптестеріне және жас мамандарға көмектеседі, деп хабарлайды кейіпкермен тілдескен QZ Мedia тілшісі.

Мұның бәрі 1973 жылы Фарида Хамитқызы Омбы медициналық институтының емдеу факультетіне түскен кезде басталды. Оқу барысында студент әрқашан ғылыми қызметке қызығушылық танытқан. Ол оқуын 1980 жылы Красноярск медициналық институтында бітірді. Әскери адамның әйелі болғандықтан жас қызды аударуға тура келді.

“1980 жылдан бастап мен медицинада жатпай-тұрмай жұмыс істедім. Алғашқында Красноярскідегі соғыс мүгедектерінің аймақтық госпиталінде дәрігер-терапевт болдым, кейін кардиологиялық бөлімшені басқардым. Сосын бірсыпыра ауруханада, гарнизондарда аз-кем тер төктім. 1986 жылы мен мамандығымды ауыстырып, зертханалық дәрігер болдым. Петропавлдағы тубдиспансерде жұмыс істедім. Жолдасым әскери болғандықтан үнемі көшіп отырдық. Томск, Омбы, Новосибирск, Красноярск қалаларындағы ауруханаларда қызмет еттім. Үлкен тәжірибе жиналды. 1993 жылы біз Отанымызға – Қазақстанға оралдық”, – деді Фарида Түменова.

1993 жылдан бастап біздің кейіпкеріміз бірінші қалалық ауруханада зертхана меңгерушісі болып жұмыс істей бастаған. Мекеме таратылғаннан кейін онкологиялық орталыққа ауысқан екен. 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орталықтағы КДЗ меңгерушісі болып еңбек етеді.

“Бұл өте қызықты. Қиын, бірақ қызықты. Зертханалық зерттеулердің арқасында алдын-ала диагноз қойылады деп айтуға болады. Біз диагнозды қоюға өз үлесімізді, кірпішімізді қосамыз. Пациенттерге көмектесу үшін басқа медициналық бағыттардағы әріптестермен кеңесіп те тұрамыз. Аурухананың жұмысы оңай емес. Ауыр науқастар өте көп. Егер маған осыдан бірнеше жыл бұрын онкологияда осынша ұзақ жұмыс істейтінімді айтса, мен сенбес едім. Бірақ мен мұнда жұмыс істеуге келдім және бұл үшін еш өкінбеймін. Мұнда өзімнің қажет екенімді, өз орнымда екенімді сезінемін”, – деп бөлісті кейіпкер.

Тілдесу барысында Фарида Хамитқызы өмірге көмектесетін сенімі туралы да айтты.

“Бір кездері менің алдыма мынандай мақсат қойылғаны айтылды – мен қазіргі таңда денсаулығы менен нашар адамдарға көмектесуім керек. Осыған сүйене келе, бұл шынымен де солай деп ойлаймын. Бұл жұмыста да байқалады. Өйткені, адам өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде оны қолдайтын адам болуы керек, сол сәтте ол күйзеліске түскен жанға керек сөзді айтады. Мен адамды тыныштандырып, қандай да бір жағымды эмоцияларға және істің оң нәтижесіне бейімдеп, бәрі жақсы болатынына сендіре аламын”,- деді Фарида ханым.

Сұхбат кезінде зертханашы-дәрігер өзін қобалжуға мәжбүр еткен жағдайды есіне түсірді.

“10 жасар қыз ауыр гематологиялық патология – лимфогрануломатозға күдіктенді. Бәріміз балада мұндай нәрсе бар деп алаңдадық. Келесі күні кенеттен біз оның әпкесінің талдауын алдық. Оның да диагнозы бірдей. Осы сәтте біз бұл мүмкін емес екенін түсінеміз. Екі адамда мұндай ауру бірден болмайды, бұл жұқпалы ауру емес. Зерттеуді, қарауды, қайта қарауды екі рет жүргіздік. Соңында қыздардан туберкулез анықталды. Қыздардың анасы жылады. Оны тыныштандырдық, ауру емделетінін, бәрі жақсы болатынын айттық. Бізді қуантқаны, алдын-ала диагноз расталмады. Жалпы, әрине, көптеген жағдай болды, бірақ бұл менің есімде мәңгілік қалды”, – деп бөлісті кейіпкер.

Фарида Хамитқызы 68 жаста. Ол зейнеткер. Азаматша жұмысын жақсы көреді және өз кәсібіне адал, сондықтан қартайған шағында да адамдарға көмектесуді ұйғарды. Жерлесіміз барлық бос уақытын отбасына-күйеуіне, балаларына және немерелеріне арнайды. Спикер атап өткендей, бұл – әйел өміріндегі басты бақыт.

“Мен негізінен отбасыммен бірге болуға тырысамын. Сіз жанұяға зор махаббат бөлсеңіз, ол сізге еселеп оралады. Жақын адамдарсыз өмір сүру қиын. Кішкентайлармен ойнаймыз және сөйлесеміз. Мені олардың қалай дамып жатқаны, не істеп жатқаны қызықтырады. Соған өзім қатысқанды ұнатамын. Менің екі немерем бар. Үлкен немерем биыл университетті бітіреді, ол қазірдің өзінде үлкен қыз, ал екінші немерем 9 жаста, ол әлі мектепте оқиды. Балалар – бөлек бақыт. Олар өмірдің мәні дер едім. Оларға көп уақытымды арнадым”, – деп түйіндеді Фарида Хамитқызы.

 

 

 

 

Shares