Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Әділхан Әлішев – зеңбірекшілер командирі
QZ News 1945 жылы бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан жандар жайлы баяндауды жалғастырады. Бұл жолы бізбен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісі Руслан Әлішев өзінің атасы жасаған ерлік жайлы жан тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Оның әңгімесінен сонау қиын-қыстау жылдары жауынгерлердің ерлігін, табандылығын және халықтың бірлікте болғанын айқын аңғаруға болады.
«Менің атам — Әділхан Әлішев. Зеңбірекшілер командирі, 1945 жылғы ескі, өңі кеткен суреттегі сабырлы, үнсіз батыр. Германия, бәлкім Берлин түбі — соғыстың соңғы жаңғырығы естіліп жатқан шақта, ол зеңбірегінің жанында тік тұрып, жерін қорғағандай мызғымай тұрған еді.
Ол ерекше қасиетке ие жан болатын: адал, әділ, қатал — бірақ жүрегінің түбінде сөзбен айтып жеткізе алмайтын мейірімі бар жан еді. Жанында болғанда туған үйдің жылуын сезінгендей боласың. Апам Зағира Омарқызы да сондай еді— тылда еңбек еткен, кішкентай ғана тәнінде үлкен жүрегі бар қыз болатын. Ол алқаптан масақ теріп, станокта жұмыс істеген. Ән айтқанды жақсы көретін. Қазақша, соғыс жылдарындағы әндерді баяу, зор махаббатпен орындайтын.
Атам соғыс туралы көп айтпайтын. Ұмытқандықтан емес, сол зұлмат жылдары көп дүниенің артта қалғаны атамды қынжылтатын. Ал апам екеуінің орнына да сөйлейтін. Ән айтатын, еске алатын, жылу сыйлайтын.
Мен ол кісі өмірден озғанда әлі бала едім. Даусын емес, күшін сезінетінмін. Медальдарымен ойнайтынмын. Марапаттары көп болатын, бірақ ол ешқашан оларды менен тартып алмайтын. Қымбат дүние еткен жоқ, жай ғана алақаныма салып қоятын, құдды бір “Есте сақта. Бұл даңқ үшін емес”, дегендей болатын.
Қазір жиі ойлаймын, келбетім, көзқарасым қайсар мінезім атама ұқсайтын сияқты. Егер солай болса, мен соған лайық болуға тырысамын.
Жаның жәннәтта болсын, Ата! Даңқ үшін емес, біз ашық аспан астында ән салып, бақытты өмір сүруіміз үшін күрескен барлық жандардың рухына мың тағзым!”