Петропавловск
+21°C
Главная страница » Рубрики » Солтүстіктің мақтанышы » Қалдырған ізің мәңгілік

Қалдырған ізің мәңгілік

12 ноября, 2026 17:23

Жас ұлғайған сайын қыр астында қалған балалық шақ пен жалындаған жастық кезең еріксіз еске оралады. Әсіресе, жанды жадыратар шуақты сәттер көңілге жылылық сыйлайды. Сол естеліктердің ішінде өмір жолында ізгілік нәрін сепкен ұстаздардың орны ерекше. Өйткені ұстаздың орны шәкірт жүрегінің төрінде болуы тиіс. QZ NEWS тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Он төрт жасымда ауылдағы ата-анамнан жырақтап, Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түскенім әлі есімде. Тоғызыншы сыныпты енді аяқтаған 26 бала үшін қала өмірі де, колледж қабырғасындағы жаңа орта да тосын еді. Алғашқы күндері туған үйдің жылуын, жақын жандардың мейірімін іздегеніміз рас. Бағымызға орай, кураторымыз Гүлнәр Әбдірахманқызы туған әпкеміздей болып, қамқорлығын аямады.

Екінші курстан бастап мамандығымызға қатысты пәндерді оқи бастадық. Сол кезде педагогикадан дәріс берген Қымбат Есмұқанқызымен таныстық. Алғашқы сабағынан-ақ бізді баурап алды. Жағымды жұмсақ даусы, жібектей мінезі анамыздың мейіріміндей сезілетін. Дауыс көтермейтін, әр сабағын ерекше шабытпен өткізетін нағыз ұстаз еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, халық педагогикасының маңызын болашақ мұғалімдердің бойына сіңіру оңай міндет емес болатын. Қымбат апай бұл жауапкершілікті абыроймен атқарды. Дәрістерінде Мағжан мен Ыбырай аталарымыздың педагогикалық мұраларын жиі сөз етіп, Зейнеп Ахметованың еңбектерімен де алғаш таныстырған еді. Шәкірттерін ұлттық тәрбие мен ұлт даналығынан сусындатты.

Оның тәлімін алған шәкірттердің бірі – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Асыл Сүлейменова.

«Студенттік кезден есімде қалғаны – Қымбат апайдың жұмсақ мінезі, ауыл балаларына деген қамқорлығы. Сабақ алдында жағдайымызды сұрап, әрдайым жанашырлық танытатын. Дегенмен емтихан кезінде талапшылдығын да көрсететін. Педагогиканың қыр-сырын үйреткен ұстазымыздың білімін бүгінгі мұғалімдік қызметімізде қолданып келеміз», – дейді Асыл Мәжитқызы.

Қымбат Есмұқанқызының адамгершілігін танытатын ерекше қасиеттерінің бірі – шәкірттерінің әлеуметтік жағдайына бейжай қарамауы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елдің экономикалық ахуалы күрт төмендеп, студенттердің тұрмысы да оңай болған жоқ. Әсіресе Моңғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған қандастарымыздың балалары көп қиындық көрді. Қымбат апай олардың жағдайын түсініп, кейбіріне жолақы беріп, туған-туыстарымен қауышуына көмектесетін. Мұның бәрін жария етпей, үнсіз жасайтын.

Сол қамқорлықты көрген шәкірттердің бірі – Талант Сұлтанбек.

«1994 жылдың күзінде Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжге оқуға түскенде Қымбат Исманова апайымыз бізді ерекше ілтипатпен қабылдады. Тарихи Отанына жаңадан көшіп келген ағайындардың балалары ретінде ол кісінің жақсылығын көп көрдік. Қамқорлығы мен берген тәлімінің арқасында оқуды аяқтап, ұстаздық өмірге қадам бастық», – деп еске алады ол.

Қымбат апайдың қамқорлығы туралы сіңлісі, ардагер ұстаз Гүлбаршын Көлденқызы Есмұқанова да жылы лебізін білдіреді. Оның айтуынша, Қымбат Есмұқанқызы туған-туысына ғана емес, айналасындағы барша жанға жанашыр. Әсіресе тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге рухани әрі материалдық көмек көрсетуді азаматтық парызы санаған. «Нағыз қайырымдылық дегеніміз осы емес пе?» – дейді ол.

Ұстаздың шәкірттеріне деген аналық мейірімі мен жанашырлығын 1994 жылы оқуға түскен Жібек Махаметова да ұмытпайды.

«Қымбат апай бізге екінші анамыздай болды. Демалыс алдында ауылына қайтатын студенттердің жолақысы бар-жоғын сұрайтын. Өз сабағын ертерек аяқтап, жатақханаға барып, шай ішіп, асықпай жолға шығуымызды ескертетін. Ақшасы жоқтарға өзі көмектесетін. Осындай қамқорлықты қалай ұмытайық?» – дейді ол.

Қымбат Есмұқанқызы тек шәкірттеріне ғана емес, жас әріптестеріне де ақылшы, тәлімгер бола білді. Колледжде ұзақ жылдар еңбек еткен Әсем Жахина оны ерекше құрметпен еске алады.

«1993 жылы қазақ бөлімінде еңбек жолымды бастағанда Қымбат Есмұқанқызы сынды тәжірибелі ұстаздармен әріптес болу бақыты бұйырды. Жан дүниесі бай, парасатты, терең ойлы апайдың бойынан әрдайым жылылық есіп тұратын. Жас маман ретінде білмегенімді үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін. Сондықтан оны өзіме тәлімгер санап, анамдай көремін. Ол әр студенттің жан дүниесін түсініп, адамгершіліктің үлгісін көрсете білді», – дейді Әсем Марланқызы.

Бүгінде зейнет демалысында болса да, Қымбат апай өзі еңбек еткен колледжбен байланысын үзген емес. Кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралардың құрметті қонағы болып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып келеді.

Студенттік жылдардан тағы бір қызықты естелік бар. Біз Қымбат апайды өз арамызда «Димидрол» деп атайтынбыз. Бұл, әрине, оның жұмсақ, баяу даусына байланысты туған әзіл еді. Кейде сол бір әуезді үнге ұйып, дәріс үстінде маужырап кететініміз де бар. Ондайда апай дауыс ырғағын өзгертіп, екпіндете сөйлеп, бәрімізді бірден сергітіп алатын. Бұл да студенттік шақтың ұмытылмас бір көрінісі болып қалды.

Қымбат апайдың бізді алғаш педагогикалық практикаға апарғаны да есімде. Сабақтарымызға қатысып, кейін бірге талдайтынбыз. Оқушының жүрегіне жол табу үшін оны ынталандырып, мақтап отыру керектігін, қиналған сәтінде қолдау білдіруді үйретті. Ең бастысы, ешкімді алаламай, барлығына бірдей қарауды санамызға сіңірді. Сыныппен жұмыс істеу, оқушымен тіл табысу, өз ойыңды нақты әрі сенімді жеткізу дағдыларын қалыптастырды. Бұл тәлімнің пайдасын журналистік жолымда да талай көрдім.

Ұстаз – шәкіртінің болашағына сеніп, сол үміттің ақталуы үшін аянбай еңбек ететін жан. Оның басты қаруы – білімі мен жанашырлығы, ал ең үлкен жетістігі – шәкіртінің биігінен көрінуі.

Ыбырай Алтынсарин ұстазды алтын діңгекке балаған. Расында да, мұғалім болу бір басқа, ал шәкірт жүрегінен мәңгілік орын алатын Ұстаз атану бір басқа. Қымбат Есмұқанқызы – осы құрметке әбден лайық жан. Ол талай жастың бойына біліммен бірге ізгілік, мейірім мен ұлттық тәрбие дәнін септі.

Бүгінде оның алдын көрген шәкірттері еліміздің білім беру саласында абыройлы еңбек етіп, өздері де жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүр. Демек, ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – осы.

Қымбат апай, бізге сыйлаған мейіріміңіз бен берген тәліміңіз үшін алғысымыз шексіз. Сіз қалдырған із шәкірттеріңіздің жүрегінде мәңгі сақталады. Өйткені шынайы ұстаздың еңбегі жылдармен өлшенбейді, ол тәрбиелеген ұрпақтың өнегелі ісімен жалғасады.

 

Shares