Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Миллиондап шығын келген: облыс орталығында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жайлы айтылды

Миллиондап шығын келген: облыс орталығында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жайлы айтылды

Қулардың құрығы ұзын! Қазақстандықтар оңай жолмен ақша табу үшін әлі де пысықайларға алданып, соңында сан соғып қалып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті. Онда экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының бастығы Ержан Өмірбеков қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жайлы айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Қаржы мониторингі агенттігінің деректері бойынша, Қазақстандағы қаржы пирамидаларының құрбандары әдетте 31 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар болады. Жалпы санның 74% – жұмысы бар, 62% – жоғары білімі бар. 2022 жылы құрықталған пирамидалардың саны 7-ден 29-ға өскен.

“Алдын алу іс-шараларының тұтас кешені әзірленді, бұл қаржы пирамидаларының белгілері бар 6,5 мың сайт пен шотты бұғаттауға мүмкіндік берді, ал ағымдағы жылы 4 мыңнан астамы бұғатталды. Салыстырсақ, 2020 жылы 600-ге жуық сайт пен есептік жазба бұғатталған. Жасанды интеллект енгізілуде. IT-құралдарды пайдалана отырып, интернет-кеңістікте заңсыз мазмұнды іздеу жүзеге асырылады. Қаржы пирамидаларының белгілері бар материалдар байқалса, оларды бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберіледі”,- деді Ержан Өмірбеков.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті “Тоқта, пирамида!” шеңберінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен сабақтар жүргізеді. Алайда, күмәнді операцияларға ақша салатын азаматтардың саны жылдан жылға артып келеді.

“Мысалы, биыл департамент сотқа қылмыстық іс жолдады. Сол бойынша Hermes Ltd пирамидасының құрылымдық бөлімшесі бойынша үкім шығарды. Оған 15 млн 600 мың теңге сомасына 15 салымшы тартылған. Сонымен қатар, ҚК 217-бабы 2-тармағы бойынша “Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical” қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі аясында сотқа дейінгі тергеу басталды.2023 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы сәуір аралығында ҚР аумағында “Сhia Tai-Tianqing” инвестициялық компаниясының ұйымдастырушылары әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың (салымшылардың) ақшалай қаражатын заңсыз тартқан.Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында СҚО аумағында салымшылардың жалпы саны 27 қатысушыны құрағаны анықталды. Олар 22 млн 700 мың теңгеден астам шығын көрген”,- деді спикер.

Сондай-ақ, “Qnet” қаржы пирамидасының өңірлік бөлімшесі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Қылмыстық ниетті жүзеге асыра отырып, істің қатысушылары Малайзияда тіркелген “Qnet” халықаралық компаниясының өнімдері бойынша интернет-сауданың астында әрекет еткен.

“Бірлескен қызметке қатысу үшін азаматтар “Qnet” компаниясының тәуелсіз өкілі ретінде тіркелу және саяхатшы картасын сатып алу үшін 600-ден 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде, сондай-ақ кеңсені жалға алу үшін 40 мың теңгеден жарна төлеуге тиіс болған. Қазіргі уақытта 82 млн теңгені сеніп тапсырған 73 салымшы анықталды”,- деді СҚО экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының бастығы.

Көбінесе алаяқтар өз қызметін “қаржы пирамидасы” деп атамайды, бірақ өздерін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Олар үлкен және тартымды атауларды ойлап табады: ІТ компания, интернет-компания, инновациялық жоба. Олар акциялар мен облигацияларды сатып алуды ұсынады, пайдалы кірісті құрылысқа, криптовалютаға ақша салуға уәде береді.

Пирамиданы ұйымдастырушылар тартылған ақша қаражаттарымен салыстырылатын көлемде ешқандай экономикалық қызмет жүргізбейді, ал төлемдер негізінен жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

“Уақытылы шаралар қабылдау мақсатында Қаржы мониторингі агенттігі Telegram мессенджерінде @BAIQApiramidaBOT ботын әзірледі, ол қазақстандықтарға қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың әрекеттерінен өздерін қорғауға көмектеседі. Енді азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілерді өз бетінше тексере алады. Ол үшін компанияның, ұйымның, Instagram парақшаның, ВКонтакт тобының немесе телеграмм арнасының сілтемесін ботқа енгізу керек. Егер компанияда қаржы пирамидасының белгілері болса немесе бұл сілтеме кибербақылау жүйесінің көмегімен бұғатталған болса, пайдаланушыға бұл туралы дереу хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасында қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асырғаны үшін тұлғаға ҚР ҚК 217 және 217-1-баптары бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген”,- деді спикер.

Shares