Аққайың аудандында орақ науқаны қызу жүргізілуде
Қазір облыс диқандары егін жинау үшін әрбір жайлы күнді пайдалануда. Қолайсыз ауа райы оларға көптеген қиындықтар туғызады. Аққайың ауданында орақ науқаны қалай жүріп жатқанын QZ Media тілшісі айтып берсін.
Аққайың ауданындағы «Астраханское» ЖШС меншігінде 7 мың гектардан астам жер бар. Құрылым негізінен дәнді дақыл егеді, бірақ майлы дақылдарға да мән беріледі. Биылғы жылдың ыстығына байланысты бидай ерте пісті, 1 тамызда серіктестік орақ науқанын бастады, бірақ ауа-райы оны тиісті деңгейде өткізуге мүмкіндік бермей отыр. Шаруашылық бойынша бүгінгі күні орташа өнімділік гектарына 20 центнерді құраса, былтыр 25-тен астам өнім жиналған.
«20 пайызға жуық бидайды жинау қалды. Биылғы тұқым аса мәз емес. Жинап жатырмыз, әрине, белгіленген мерзімге істі бітіруге тырысамыз. Ауа райының қолайсыздығынан шығын бар, күні бойы жаңбыр жауды. Сондықтан біраз мәселелердің бар екені анық. 3-ші сортты бидай алудамыз, оны азық-түлік корпорациясына тапсырамыз», – дейді серіктестік директоры Жанархан Мәпенов.
Егістіктен жиналған астық бірден элеваторға кептіруге жіберіледі. Смирновский элеваторы шамамен 100 мың тоннаны сыйдыра алады. Олар 14 тамызда жұмысқа кірісіп, қазірдің өзінде 31 мың тоннаны қабылдаған. Мұнда тәулігіне 1500-2000 тоннадай астық тасымалданады. Бұл жерде дақылдың сапасын да анықтайтын зертхана бар.
«Әзірге мен ешқандай артықшылық көрмедім. Әрі қарай не боларын білмеймін, бірақ орта есеппен 90% – үшінші сұрып, төртінші де бар. Қазір шаруалар қиындыққа тап болды, жауын-шашыннан егін бүлінді. Бізге де оңай болмайды. Барлығын қабылдап, кептіріп алуға тырысамыз», – дейді «Элеватор Смирновский» ЖШС өндірістік-техникалық зертханасының меңгерушісі Владимир Непушкин.
Жалпы аудан бойынша егістік көлемі 220 мың гектарға жуықтайды. Дәнді дақылдар 40 пайызға жиналды, орташа өнімділік небәрі 12 центнерді құрап отыр. Қолайлы ауа райы жағдайында Аққайың ауданында егін жинау науқаны 25 қыркүйекке дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.