Есіл ауданында егін егуге 285 мың гектардан астам жер бөлінді
Есіл ауданына қарасты Ясновка ауылында орналасқан “Московский” ЖШС көктемгі егіс науқанының басталуына белсенді дайындалуда. Кәсіпорындағы техниканы жөндеу жұмысы аяқталып қалды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бізде егістік жұмыстарына арналған 7 кешен бар. Себу жұмыстарын 18-20 мамырда бастаймыз. Екі ауысымда егеміз. 10,6 мың га егістік жеріміз бар, оның ішінде 6 мың га – дәнді дақылдар, 907 га – майлы дақылдар, 235 га – қарақұмық. Аздап арпа да себеміз. Оның аумағы 1622 га құрайды”, – деді Есіл ауданындағы “Московский” ЖШС директоры Василий Чернышов.
Серіктестікке минералды тыңайтқыштар да жеткізілді. Есіл ауданындағы диқандар 18 мың тонна тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр. “Московский” ЖШС өз қызметкерлерімен мақтанады. Серіктестікте тәжірибелі механизаторлар жұмыс істейді.
“Мен мұнда 2010 жылы мектептен кейін келдім. Кейін біраз уақытқа кетіп, қайта оралдым. Бәрі жақсы. 2015 жылы “ESSIL 740″ маркалы жаңа комбайн алдым. Биыл онымен 10 маусымға қатыспақпын. Сонымен қатар, ескі К-700-де жұмыс істеймін, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, біз оған өзгеріс енгіземіз”, – деді Есіл ауданындағы “Московский” ЖШС механизаторы Иван Голубев.
Көктемгі егіс науқаны кезінде Есіл ауданының алқаптарына 1000-нан астам трактор, 115 егіс кешені, 1200-ге жуық астық сепкіш шығады. Биылғы жылдың егініне аудан бойынша 285 мың гектардан астам жер бөлінді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 215 мың гектарға, ал майлы дақылдар 50,5 мың гектар жерде орналасады. Картопқа 1000 гектардан астам, ал көкөністерге 121 гектар жер бөлінді.